Шымкентте оқушылар жаңа оқу жылында мектепте білім алады

0
448

Білім ұйымдарында күнделікті термометрия, кварцтау, желдету, дезинфекция және бетперде режимі сақталады.


 Шымкентте оқушылар жаңа оқу жылында мектепте білім алады

Шымкент қаласында оқушылар жаңа оқу жылында дәстүрлі форматта оқиды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Бүгін Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның қатысуымен брифинг өтті. Баспасөз мәжілісінде Жанат Арысбекқызы жаңа оқу жылының басталуы туралы сөз қозғады.
Биылғы оқу жылында қалада білім беру ұйымдары 17-ге артып, 785 мекемеде 350 мыңға жуық білім алушымен басталғалы отыр. Оның ішінде 1-сыныпқа 25 005 бала қабылданды. Мектеп табалдырығын аттаған бұл бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы табысталады. Осы орайда алғашқы қоңырау мерекесі мектеп ауласында өтеді. Ал оқушылар жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайды. Бұл ретте мектеп формасына қойылатын талаптар сақталады. Бірақ білім ордасына классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге де рұқсат етіледі. Айта кететін жайт, биыл мектеп формасы үшін бір реттік қаржылай көмек 30 000 теңге көлемінде 57 466 балаға берілді, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының мектептеріндегі жалпы компьютер саны – 56 746 дана. Қазіргі таңда қала бойынша мектептерде орта есеппен 1 компьютерге келетін оқушы саны 4-ті құрайды. Ал бүгінде бейнебақылау, турникет және дабыл батырмаларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында үшінші мегаполисте 263 кабинет, 178 интерактивті тақта (50-физика, 95-химия, 82-биология, 13-STEM, 23-робототехника кабинеттерін) орнату жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттер үлесі 62,5 пайызды құрамақ.