Шымкентте отбасылардың ажырасу пайызы жылдан-жылға өсіп келеді

0
2 076

Шымкент қаласында отбасылардың ажырасуы 30 пайызға жуықтаған.


Шымкентте отбасылардың ажырасу пайызы жылдан-жылға өсіп келеді

Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында жас отбасылардың ажырасу деңгейі 28 пайызға жеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл жөнінде халықаралық "Отбасы күніне" орай өткен "Берік Отбасы-мемлекет тірегі" салтанатты шарасы барысында Шымкент қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрдәулет Тәңірбергенов мәлімдеді.

"Бізде енді жылдан-жылға ажырасудың пайызы өсіп келе жатыр. Шымкент қаласын қазақшылықтың қаймағы деп айтушы еді. Соның өзінде қалада ажырасу өте көп.Қазіргі таңда, қателеспесем ажырасу деңгейі 28 пайызға жеткен. Сол ажырасудың сәл болса да төмендеуіне үлес қоссақ, соның өзі үлкен жұмыс деп ойлаймын. Ажырасудың негізгі себептер, материалдық жағдайдың төмен болуы, жұмыссыздық, тұрғынүй мәселесі. Осы үш фактор ажырасудың көбеюіне әкеліп отыр. Бірақ бұл ресми ақпарат. Реси емес ақпарат бар. Қазірде жастардың құндылықтарының ауысуы. Оның ешбір өлшем бірлігі жоқ. Жұлдыздарға еліктеу, батысқа еліктеу. Яғни, жаһанданудың ықпалы бар",- дейді ол.

Айта кету керек, 2019 жылдың 1 тоқсанында Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотында 228 отбасылық іс, яғни, отбасылық қатынастарда туындайтын даулар қаралған. Оның ішінде 184 неке бұзу туралы екен.

Ақын Біржан Байтуовтың айтуынша, жалпы еліміздің оңтүстік өңірінде отбасы құрған адамдардың үштен бірі ажырасады екен.

"Ал енді Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда ажырасу 50 пайызға жақындапты. Жүз жас отбасын құрса, соның елуі ажырасып кету деген, бұл енді қазақ тарихында бұрын болмаған қасірет. Отбасының ажырасуы деген екі жастың екі жаққа қарай кетуі ғана емес, бұл құлазыған құдалар, көңілі түскен ата-аналар, өзгеге жәутеңдеген жетімдер, бірін-біріне өмір бойы жүрегінде кек арқалап кеткен екі жас және тағдыры бұзылған бірнеше адамдардың ортақ жүйесі. Сондықтан жастар отбасын құрған кезде ажырасу мәселесіне байыппен, денмен қараса"- деді Біржан Байтуов.