Шымкентте өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ 1,95 есеге жоғарылаған

0
459

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова брифинг барысында мәлімдеді.


Шымкентте өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ 1,95 есеге жоғарылаған

Шымкентте өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жіті респираторлық вирустық инфекциясы 1,95 есеге жоғарылаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова брифинг барысында мәлімдеді.

«Жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) – тыныс алу жолдарының зақымдалуымен жүретін полиэтиологиялық аурулар тобы. Шымкент қаласының тұрғындары арасында 2022 жылдың 9 айында 25 111 ЖРВИ тіркеліп, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 1,95 есеге жоғарылады. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар 77,7%. Өткен жылдың қазан айы мен осы жылдың сәуір айы аралығында тұмаудың нақтыланған 16 жағдайы тіркелді», - деді спикер.

Спикердің айтуынша, ЖРВИ және тұмау клиникасының көріністері ұқсас. Науқастың тыныс алу жолдарының зақымдануымен ауру белгілері өте жіті басталатын, жалпы әлсіздік, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, үш, бес күннен астам уақыт дене қызуының 38-40°С жоғарылайтын, бастың қатты ауыруы (ауыруды басатын препараттарды қабылдаған күнде де), сондай-ақ демікпе, естің бұзылуы, аяқ-қолдың тартылуы, аяқта геморрагиялық бөртпелер пайда болатын жұқпалы ауру.

Жіті респираторлық вирустық инфекциясы мен тұмаудың асқынуы салдарынан вирусты және бактериалды пневмонияға, отит, гайморит, менингит, энцефалит, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады.

Сонымен қатар ЖРВИ/тұмаудың эпидемиялық маусымы қазан айынан басталып, келесі жылдың сәуір айының соңына дейін созылады. Сондықтан ЖРВИ және тұмау ауруын жұқтырудан сақтанудың жолдарын білген жөн. ЖРВИ/тұмаудың алдын алудың ең сенімді жолы – тұмауға қарсы егу.

Шымкент қаласы бойынша 2022 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы осал топқа жататын тұлғаларға Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 134 580 дозасы алынып, тұмауға қарсы егу жұмыстары МСАК мекемелерінде жүргізілуде.

Олар: медицина қызметкерлері, алты айдан асқан және жиі ауыратын балалар, 2,3 триместрдегі жүкті әйелдер, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен мектеп интернат балалары, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар.

Тұмауға қарсы егу – екпе алушының немесе оның заңды өкілінің жазбаша түрдегі ақпараттық келісіммен тегін жүргізіледі.