Шымкентте өткен жылы 25 мың сәби дүниеге келген

0
1 263

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы демографиялық өсім байқалғанын айтып отыр.


Шымкентте өткен жылы 25 мың сәби дүниеге келген

ERNUR.KZ. Шаһардағы ауруханалар мен орталықтарға су жаңа қондырғылар алынып, тозығы жеткен жедел жәрдем көліктері де жаңартылды, деп жазады 24.kz.

Салтанат Бұланбаева әрбір науқасқа ерекше ілтипатпен қызмет көрсетеді. Жалпы тәжірибелік дәрігерге еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қаралады. Ақ халатты абзал жанның биыл еңбегі еленіп, үздік отбасылық дәрігер атанды.

"Пациенттер арасында қарым-қатынас жақсы деп ойлаймын. Медбикелерімнің де арқасында барлығы. Осы жетістікке жетіп отырғанымыз. Медицинада қағазбастылық нұсқалар жойылып жатыр қазір. Барлығы электрондық түрде. Жұмыс өте көп, әрине. Бірақ барлығына үлгеріп, тырысып жатырмыз", дейді жалпы тәжірибелік дәрігерСалтанат Бұланбаева.

2019 жыл жас мамандарға ғана емес, денсаулық сақтау саласы үшін де жемісті болды. Дәрігерлер мыңнан аса емделушіге сәтті операция жасады. Емдеу мекемелері цифрлық жүйеге көшті.

«Қол жеткізілген ең басты жетістік жедел жәрдем станциясының жаңғыртудан өтуі болды», - дейді мамандар.

"Біз перинаталдық орталықтарға ғана емес, көп салалы балалар ауруханаларына да озық технологияларды енгіздік. Бұларға 26 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Бұл құрылғылардың дәрігерлерге көмек болары анық", - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Инна Глазебная.

Биыл Шымкентте медицина саласына қатысты бірқатар атышулы оқиғалар болды. Алдымен инфекциялық ауруханада сәбиге ыстық сумен клизма қойылды. Одан кейін науқастардың қызмет сапасына шағымданған жағдайлары да кездесті.

Ал, қараша айында аурухананың бас дәрігері Абылай Донбайды полиция ұстады. Оған адам ағзасын заңсыз трансплантация жасады деген айып тағылып отыр. Салада атқарылар ауқымды жұмыс бар. 2020 жылы елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылады. Шымкенттік дәрігерлер оған бір жыл бойы дайындалды.