​Шымкентте пневмонияға шалдыққан жүкті әйел перзентімен бірге үйіне шығарылды

0
786

Босанған әйелдің жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер науқасты жансақтау бөлімінде қарқынды ем жасаған.


​Шымкентте пневмонияға шалдыққан жүкті әйел перзентімен бірге үйіне шығарылды

Шымкент қалалық перинаталдық орталығына 10 қазан күні Ниязтаева Диляра есімді тұрғын ауыр халде жұқпалы аурулар орталығынан жеткізілген. Жүкті келіншекке дәрігерлер екі жақты пневмония диагнозын қойған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тыныс алу жолдарының нашарлауына және қан қысымының жоғары болуына байланысты жүкті әйелге кесарь тілігімен жедел түрде операция жасалып, 34 апта болған нәресте аман-есен дүниеге келді. Босанған әйелдің жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер науқасты жансақтау бөлімінде қарқынды ем жасаған. Ал шала туған шақалақ перинаталды орталықтағы балалар дәрігерінің бақылауында болды.
Қалалық перинаталды орталық мамандары жүргізген емнің нәтижесінде әйелдің тыныс алуы жақсарып, палатаға ауыстырылды. Реанимациялық емнен кейін сәбиі анасына беріліп, екеуінің де денсаулық жағдайы жақсарып отыр.
- Жүкті әйел мен баласын аман алып қалу үшін шұғыл түрде ота жасадық. Ота сәтті өтті. Босанған соң әйел жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Мұнан соң физиология бөлімшесіне ауыстырылды. Мұнда емдеу хаттамасына сәйкес ем жүргізілді. Денсаулық жағдайы жақсарған анасы мен баласын 23 қазан күні үйіне шығардық, - дейді қалалық перинаталдық орталықтың дәрігер-акушері Жанар Омарова.
Айта кетейік, қалалық перинаталды орталыққа күніне жедел жәрдем қызметімен орташа есеппен күніне 50 жүкті әйел жеткізіледі. Орталықтағы медициналық көмекке жүгінетін науқастардың басым бөлігі ауыр халде келіп түседі. Перинаталды орталықта Тимирхан Варзилов бастаған білікті акушерлер мен балалар дәрігерлері жұмыс істейді.