Шымкентте Тәуелсіздік мерекесіне орай салтанатты жиын өтті

0
1 046

Отыз тоғыз азамат ҚР Мемлекеттік наградаларымен марапатталды.


Шымкентте Тәуелсіздік мерекесіне орай салтанатты жиын өтті

Шымкент қаласында «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» меркесіне орай, қала әкімінің қатысуымен салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиынға қатысқан қала басшысы Е.Айтаханов барша жұртшылықты еліміздің Егемендік алған күнімен құттықтап, даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қазақстандықтар қуатты халық екенін атап өтті.

«1991 жылы 16 желтоқсанда біз Тәуелсіздігімізді жер жүзіне жариялап, күллі әлемге паш еттік. Алдымен көне түріктің бөрілі байрағының мұрагері – Көк Туымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреттік. Әнұранымызды әлем көгінде әуелетіп, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгеміз енгізіліп, Атазаңымыз қабылданды. Қарулы күштеріміз құрылып, Шекарамыз белгіленді. Бүгінде біз – ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз. Біз – даламыз бен қаламызды бірге көркейткен қуатты халықпыз. Арқа төсіне Тәуелсіздігіміздің салтанатты символы – Елордамызды орнатқан жасампаз жұртпыз», - деді әкім өз құттықтау сөзінде.

Сондай-ақ, мерекелік жиында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Шымкент қаласының 39 азаматы ҚР Мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Бұдан бөлек, ҚР Парламентінің Сенат депутаты Н.Бекназаров, қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Ташқараев, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов те бірқатар азаматтарды марапаттады.