Шымкентте үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы баспаналы болды

0
729

Халық 1 аптаның ішінде 21 миллион 100 мың теңге жинаған.


Шымкентте үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы баспаналы болды

Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында жалдамалы үйінен өрт шығып, алты баласымен далада қалған 35 жастағы жалғызбасты ана Нәзира Дүйсебаева халықтың жинап берген ақшасына үй сатып алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

12 қаңтар күні таңертең үйінен өрт шығып, алты баласымен аман қалған көпбалалы ана Нәзира Дүйсебаеваға баспана алу үшін жұрт жылу жинауға кіріскен болатын. Нәзираның сөзінше, бір аптаның ішінде 21 миллион 100 мың теңге жиналған.

"Сатып алған үйіміздің жағдайы жақсы. Аялдама мектеп, балабақшаға да жақын. Үйдің іші жылы, балаларыма да ұнады. Қазір құжаттарын рәсімдеп жүрмін. Бұйырса жаңа үйімізге бүгін көшіп барамыз", - деді қуанышымен бөліскен Нәзира.

Жалғызбасты ана балаларымен бірге бір аптадан бері көршісінің үйін паналап отыр. Айтуынша, балаларының жайы қалыпты, қорқынышы басылған.

Айта кетейік, 2011 жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп жүрген Нәзираның тұңғышы – 13 жаста, кенжесі – 2 жасар, 5 жасар қызы – ерекше бала. Өздігінен тұрып, жүре алмайды. Ал, күйеуі ішкілікке салынып кеткен.