Шымкентте үш деңгейлі жолайрық құрылысы басталды

0
643

Құрылыс жұмыстарына байланысты Арғынбеков көшесінің қос бағыты бойынша көлік қозғалысы сегіз айға шектеледі.


Шымкентте үш деңгейлі жолайрық құрылысы басталды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар жол құрылыстарының барысын аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шаһар басшысы алдымен 8 қаңтар күні басталған Бәйдібек би және Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысының барысымен танысты.
Қаладағы көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында 2022-2023 жылдар аралығында үш деңгейлі жолайрық салынады. 2022 жылғы қаңтарда нысанның алғашқы қазығы қағылып, жер қазу жұмыстары басталмақ.
Құрылыс жұмыстарына байланысты Арғынбеков көшесінің қос бағыты бойынша көлік қозғалысы сегіз айға шектеледі. Батыстан шығысқа қарай Байтұрсынов көшесінен Бәйдібек би даңғылы аралығы және шығыстан батысқа қарай жаяу жүргіншілерге арналған жол өткеліндегі бағдаршамнан Бәйдібек би даңғылы аралығы жабылады. Көлік қозғалысы үшін альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген.
Жолайрықтың техникалық сипатына сәйкес, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Құрылыс жоспары бойынша ені 80 метрлі 4-6 жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек.

Арғынбеков Бәйдібек би көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысына сәйкес, №92, 104, 141, 146 маршруттардың қозғалыс сызбасы өзгереді.