Шымкентте жап-жаңа үйлеріне бару үшін тұрғындар топырақ кешіп жүр

0
2 681

Қоғамдық көлік те бармайтын жаңа тұрғынүй кешенінде тұратындар автобусқа міну үшін 1,5 сағат жаяу жүреді.


Шымкентте жап-жаңа үйлеріне бару үшін тұрғындар топырақ кешіп жүр

ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты «Әдия» тұрғынүй кешенінің халқы адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. «Мәселеміз шаш етектен» деп шамданған тұрғындардың жағдайымен ERNUR.KZ тілшісі арнайы барып танысып қайтты.

«Әдия» кешенінің тұрғындарының айтуынша, жауапты мекемелердің жұмысы сын көтермейді. Ол туралы «жақында үй басқарушысы боламын» деген аула ақсақалы Нұржан Тоқсанбаев айтып берді.

«Бала-шағалы жас отбасылар көп. Олар мектеп алыста болғандықтан, балаларын ауылға оқытуға немесе қаладан тағы бір пәтер жалдап тұруға мәжбүр болады. Өйткені, біздің үйдің маңынан қалаға қарай автобус мүлдем қатынамайды, ал мынандай 4 шақырым топырақ жолмен «маршрут» жүретін көшеге дейін бір жарым сағат жүріп бару оңай емес. Күн райы қолайлы болса бір амалы табылар, ал дәл осындай ыстықта, күзден – көктемге дейінгі ауа райында не болады ол? Көлік те жүре алмай қалады ғой. Жол жағдайын сұрасақ, «Октябрде, Ноябрде» деп, анығын айтпайды. Соған көңіліміз толмай отыр», - дейді.

Сондай-ақ, "Әдия" тұрғындары қаланың бұрынғы әкіміне мәселелерін атйуы үшні мүлде кіре алмағанын жеткізді.

"Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов болып тұрған кезде бірнеше рет жұма күнгі қабылдауына таңертең барып, кешке дейін кіре алмадық. Ал, Қаратау ауданы әкімдігіндегілер осы мәселеге қатысы бар барлық адам қосылған "чатта" айқай шығарып, шулағанда ғана әр бұрыштан бір-екі майда-шүйде жұмыстарды істеп қояды. Жауапкершіліктен қашып, ЖКХ-ға жібереді. ЖКХ болса, жол 2020 жылы салынады дейді. Сонда, біз оған дейін топырақ, лай кешіп жүреміз бе?! Білдей бір мегаполис тұрғыны бола тұра, асфальтті айтпай-ақ қояйын, тас жолдың өзіне зар болдық", - дейді ашынып.

Сонымен қатар, өзін осынау кешеннің тұрғынымын деп таныстырған азаматша (өзінің аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) осы кешеннің барлық құрылысына жауапты Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына хабарласқанда, басқарма басшысының орынбасары Жаманкөз Нұрлан "Жол салуға 30% қаржы бөлінген. Ол ақша бітті. Қалғаны 2020 жылы салынады. Сіздер менің орнымда 2 ай жұмыс істеп көріңіздерші, сосын шулағандарыңызды көреміз" деп жауап беріпті.

Расымен де жолдың жағдайы тұрғындардың айтуындай-ақ екен. Оған өзіміз де куә болдық. Осында келерімізде "Тұран" тұрғын алабындағы бірде-бір жол белгісі жоқ жолға түстік те, тұрғындардан сұрастырып жүріп "Әдияға" апаратын қара жолды тауып алдық. Сосын, ең төменгі жылдамдықпен (20-25 км/сағ) жарты сағаттай жүріп отырып, көздеген нысанға жеткенше көлігіміздің "асты" қотыр жолдың кедір-бүдірін үш-төрт рет тегістеп кетті. Ал, жеткеннен кейін қарасақ, "тұлпарымызды" топырақ басып қалыпты.

Аталған мәселеге байланысты Қаратау ауданы әкімдігіне қоңырау шалғанымызда халықпен жұмыс жасау бөлімінің қызметкері Уралов Спандияр "Әдия" тұрғынүй кешеніне жолдың биыл түспейтінін айтты.

«Қазір Қайтпас-1 шағынауданынан Тұран шағынауданына №1 және №7 көшелер тартылып, құрылысы жүріп жатыр. Көшелер 2019 жылдың қазан айына дейін беріледі деп жоспарлануда және олар шағалтасты жол болады. Бірақ, бұл жолдар «Әдия» тұрғын кешеніне тіке бармайды. Ол жерге қашан жол салынатынын білмеймін, ЖКХ-дан сұраңыздар»,- деп жауап беріп, аузын қу шөппен сүртті.

Содан кейін, мәселенің шешімін білу үшін Шымкент қалалық әкімдігінің ресми сайтында (shymkent.gov.kz) бірде-бір ақпараты жазылмаған Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының байланыс телефонын әр жерден сұрап алып, бірнеше рет қоңырау шалып көрдік. Бірақ, телефон тұтқасын көтерген адам болмады. Сосын, басқарманың жұмыс ғимаратына бардық, бірақ бұл мәселеге байланысты сұрақтарға бірде-бір маман жауап бере алмады. Ал, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысын, тіпті орынбасарын да кеңсесінен таба алмадық.

Еліміздің үшінші мегаполисі атанған Шымкенттегі су жаңа шағындауданындағы тұрғынүй кешенінің жағдайы осылай. Алда жауын-шашынды мезгіл де табалдырықтан аяқ салып тұр. Сол кезде тұрғындардың жағдайы қалай болатыны белгісіз. Оны шешуге әзірге ешкімнің құлқы жоқ тәрізді.

Айта кетейік, егер, алдағы уақытта тұрғындардың зарына айналған мәселенің шешімі жайлы қандай да бір ақпарат шығып жатса, оны да жариялайтын боламыз.