​Шымкентте жасөспірімдерді мәйітті өртеп, көмуге мәжбүрлеген ер адамға үкім шықты

0
1 480

Үлкендігі мен күшінің басым екендігін пайдаланған Александр мен оның сыбайласы үш жас көршісіне мәйітті өртетіп, көміп тастатқан.


​Шымкентте жасөспірімдерді мәйітті өртеп, көмуге мәжбүрлеген ер адамға үкім шықты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте жасөспірімдерге мәйітті қорлатып, өртеп, көміп тастауға мәжбүрлеген кісі өлтірушіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

1997 жылы туған Александр Б. топ болып аса ауыр қылмыс жасап кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Қауіпсіздігі жоғары колонияда 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын өтейтін болды. Александрмен бірге сот алдында тағы да үш жас жігіт жауапқа тартылды. Олардың бірі - жасы кәмелетке толмаған жасөспірім.

Сотталушы Александрдың сыбайластарына, яғни үш жігітке қылмысты жасырды деп айып тағылған еді. Үшеуі де ҚР ҚК нің 432 бабы бойынша жауапқа тартылды. Екеуіне сот үш жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Жасөспірім сот үкімімен 1 жылға темір торға тоғытылатын болды.

Айта кетейік, Александрдың кісі өлтіруге күдіктелген басты сыбайласы әлі күнге іздеуде. Екеуі Шымкенттегі Қайнарбұлақ" елді мекенінде 37 жастағы әйелді жауыздықпен аяусыз өлтірген еді. Қанды оқиға биылғы жылдың наурыз айында болған. Азаптап адам өлтірген екеуі көрші үш жас жігітті шақырып алып мәйітті қорлауға мәжбүрлеген. Үлкендігі мен күшінің басым екендігін пайдаланған Александр мен оның сыбайласы үш жас көршісіне мәйітті өртетіп, көміп тастатқан.

Айта кету керек, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.