Шымкентте жеті елдің аритмолог мамандары бас қосты

0
1 130

V Халықаралық конференцияға Германия, Росия, Турция, Польша, Қырғызстан, Тәжікстан елінен білікті медицина мамандары қатысты.


Шымкентте жеті елдің аритмолог мамандары бас қосты
Шымкент қаласының кардиологиялық орталығында 10 жылдың ішінде жүрек аритмиясы бар 1500 жуық науқасқа сәтті көмек көрсетілген. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласында алғаш рет өткен V Халықаралық аритмологтар конференциясында қала әкімі Ерлан Айтаханов өз баяндамасында айтып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


"Бір миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент қаласының өзінде жүрек ырғағының бұзылуына хирургиялық араласу қажеттілігі жыл сайын бір мыңнан астам операция жасауды қажет етеді. Қаладағы кардиологиялық қызметтің қарқынды дамуына келесі жылы 20 жылдық мерейтойын атап өтетін "Қалалық кардиологиялық орталық" өзінің қомақты үлесін қосуда. Орталықтың соңғы 10 жыл ішінде жүрек аритмиясы бар 1500 жуық науқасқа сәтті көмек көрсетілген. Ал ағымдағы жылы орталықта диагностика мен емдеудің соңғы әдістерін енгізу, халық денсаулығының нығаюына айтарлықтай үлес қосады деп сенемін", - деді Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов

Клиникалық электрофизиология мен интервенциялық аритмология бойынша V Халықаралық мектебінде Германия, Росия, Турция, Польша, Қырғызстан, Тәжікстан елінен келген білікті медицина мамандары отандық дәрігерлермен бірігіп бүкіл әлемдегі кардиология саласындағы өзекті мәселелерін талқылады.

"Біздің ассоциация 2014 жылы құрылған. Осы 5 жылдың ішінде европалық аритмологтар ассосациясына толық мүше болып енгізілдік. Қазақстан бойынша 35 аритмолог маманы Европалық аритмологтар қоғамының мүшесі болып есептеледі. Бізде аритмологиялық оталардың деңгейі көтеріліп келе жатыр. 2014 жылдары Қазақстан бойынша 1500 жуық операция жасасақ, қазіргі уақытта 3 мыңнан астам ота жасаймыз. Бұл аурудың көбейгендігі байқатпайды, науқастарды қамту деңгей жоғарлағандығын көрсетеді", - дейді Ұлттық ғылыми кардио-хирургия орталығының "Аритмология" бөлімінің меңреушісі Аян Абдрахманов.

Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, аритмологиялық науқастарға көмектесу мәселесі қазіргі кезде өзекті. Шымкент ДСБ қалалалық кардиологиялық орталығында 2019 жылы жүрек аритмиясына жоспарланған хирургиялық оталар саны (327), көптеген Еуропа елдерінің 1 миллион тұрғынына (1000-нан астам) жасалатын оталар санынан да төмен.
Бұл конференция аймақтағы, Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі аритмологиядағы мәселелерді талқылауға жақсы алаң болып табылады. Медицина факультеттері студенттері мен резиденттері үшін халықаралық жұмыстармен байланыс орнатудың жақсы мүмкіндігі. Жалпы, бұл шара кардиологиядағы аритмологиялық қызметті дамытуға жақсы алғышарттар жасайды.