Шымкентте жүк көлігі ер адамды қағып, қашып кеткен (видео)

0
1 392

Соқтығыс салдарынан дене жарақатын алған жасы 50-60 шамасындағы ер адам көз жұмған.


Шымкентте жүк көлігі ер адамды қағып, қашып кеткен (видео)

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында белгісіз тұлға тізгіндеген жүк көлігі ер адамды соғып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған оқиға 2019 жыл 8 қыркүйек күні таңертең орын алған және сағат 09.20 шамасында жедел жәрдем қызметіне хабарлама келіп түскен. Алайда, ақ халаттылар жарақаттанған ер адамды аман алып қала алмаған. Бұл туралы белгілі блогер Руслан Жанпейісов өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына бейнероликпен хабарлап, жол көлік оқиғасына куәгер болғандар болса, қашып кеткен көлік жүргізушісін табуға атсалысуға шақырды. Руслан Жанпейісовтың айтуынша, жол апаты Шымкент қаласы, «Алматы» тас жолындағы жанар-жағармай құю бекетіне жетпей, Достық шағынауданына бұрылар тұста орын алған.

«Көк түсті шалбар мен күртеше киген ер адамды соққан жүк көлігін көрген болсаңыз 102 нөміріне хабарласыңыз немесе осы бейнеролик астына коммент ретінде жазып кетіңіз. Марқұм ер адамның орнында кез-келгеніміз болуымыз мүмкін еді», - дейді блогер жол апаты туралы бейнероликте.