Шымкенттегі 100 жаңа жедел жәрдем көлігі кезекшілікке түсті

0
1 676

Енді жедел жәрдем қызметкерлері дер кезінде барып, медициналық көмек көрсетеді.


Шымкенттегі 100 жаңа жедел жәрдем көлігі кезекшілікке түсті

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында берілген жаңа жедел көліктері бүгін шақыртуға шықты. Сары түске боялған 100 жаңа көлік бір мезетте орталық жедел жәрдем станциясынан салтанатты түрде шақыртуға жолға шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтқанда, бұл көліктер сыртқы кардиостимулятор мүмкіндігі бар дефибриллятор, өкпені жасанды желдендіру, реанимациялық портативті рюкзактар, 12 каналды электрокардиографтар (ЭКГ), стационарлық және портативті оттегі беру жүйесі, 4 реанимациялық бригадаларға жүрек массажына арналған автопульс, педиатриялық бригадалар жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған 4 инкубатормен жабдықталған.

Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметінің түрі бойынша сall-орталық әлемдік стандарттар бойынша жаңартылады. Тағы айта кетерлігі, жергілікті кадрларды шұғыл жағдайларда симуляциялық макеттерде жұмыс істеуге оқытып, біліктілігін арттыру жоспарланып отыр.

Бүгінге дейін қала тұрғындары тарапынан жедел жәрдем қызметінің уақтылы келмеуіне байланысты көптеген сын-ескертпе айтылып келген. Сондықтан, бүгін жолға шыққан автокөліктер осы кедергілерді жойып, азайту мақсатында пайдалануға берілді.

Жалпы, жедел медициналық жәрдем станциясында жедел жәрдем қызметін көрсететін 87 көлік болса, оның жартысынан көбі бүгінгі күнде тозығы жеткен. Енді сол көліктер жаңасына ауыстырылды.