Шымкенттегі қоймадан мерзімі өтіп кеткен дәрілер және оның мерзімін ауыстыратын құрылғы табылды

0
840

36 жыл бұрын шыққан бинт пен 350 литр дезинфекциялық сұйықтық табылды.


Шымкенттегі қоймадан мерзімі өтіп кеткен дәрілер және оның мерзімін ауыстыратын құрылғы табылды

(фото: иллюстрациялық)

Шымкенттегі қоймадан мерзімі өтіп кеткен дәрілер, оның мерзімін ауыстыруға арналған техникалық құрылғы, 36 жыл бұрын шыққан бинт, 350 литр дезинфекциялық сұйықтық табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Бұл туралы Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Комитетке қарасты Шымкент қаласындағы Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері қала прокуратурасы және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы қызметкерлерімен бірлесе жүргізген іс-шара барысында дәрілік заттарды, спирт және спрейлерді заңсыз сақтау фактісін анықтады.

Тексеріс барысында спирт сұйықтығын дайындауға арналған станоктар, дәрілік заттардың қолдану мерзімін ауыстыруға арналған техникалық құрылғылар тәркіленді», делінген хабарламада.

Жалға алынған қоймадан 50 мл көлемдегі 230 мың дана бос шыны құты, дезинфекциялық сұйықтық құйылған 70 бес литрлік ыдыс, 148 қораптағы 9 мың қолдану мерзімі өтіп кеткен «Суприма Лори» дәрісі, 1 950 дана 30 мл флакондағы ақ сұйықтық, 3 бес литрлік женьшен тұндырмасы, жалпы салмағы 15 келі болатын 4 қапшықтағы қолдану мерзімі өтіп кеткен «Мукалтин» ұнтақ дәрісі тәркіленген.

Сонымен бірге 1984 жылы шыққан 6 қорап медициналық бинт, 4 қапшық ұнтаққа ұқсас заттар табылды.

Аталған дерек Шымкент қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тиісті жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін жолданды.