Шымкенттік 10-нан астам компания халықаралық «Иннопром-2022» көрмесіне қатысып жатыр

0
954

Көрмеге әлемнің 30-ға жуық елінен делегаттар қатысуда.


Шымкенттік 10-нан астам компания халықаралық «Иннопром-2022» көрмесіне қатысып жатыр

Шымкенттің 11 компаниясы халықаралық «Иннопром-2022» көрмесіне қатысуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Екатеринбург қаласында XII «ИННОПРОМ-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі басталды. Индустрияландыру саласының басты өнеркәсіптік көрмесі шілде айының 4-7 аралығында өтеді.

Қазақстандық экспозиция алаңына химия және фармацевтика өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы мен жеңіл өнеркәсіп салаларынан 200-ден астам компания орналасты. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Елімізден барған компаниялардың ішінде Шымкент қаласынан «Бал Текстиль» ЖШС, «ЭКОФАРМ Интернэшнл» «Mega SMART» ЖШС, «Стандарт цемент» ЖШС, «ЕвроКристалл» ЖШС, «Marai E7 Group» ЖШС, «QazAlPack» ЖШС, «LUX SHOES», «AGF Group» ЖШС, «Р.A.M.-1» ЖШС, «Заря» ЖК сынды 11 компания қатысып, өз өнімдерін ұсынып отыр.

Көрмеге әлемнің 30-ға жуық елінен делегаттар қатысуда. Аталған көрменің басты серіктесі ретінде Қазақстан Республикасы таңдалған.

1600 шаршы метрді құрайтын қазақстандық экспозиция алаңына химия және фармацевтика өнеркәсібі, түсті және қара металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіп салаларынан 200-ден астам компания орналасты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов өз сөзінде дәстүрлі жиынға айналған «Иннопром» алаңы өнеркәсіп салаларын дамыту, түйткілді мәселелерді шешу және тараптардың пікірлерін білуге мүмкіндік беретін тиімді алаң екендігін атап өтті.

«Екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде. Мұндай жетістікке жетуімізге Қазақстан-Ресей өндірістік кооперациясы саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы айтарлықтай септігін тигізді. Осылайша, 13 ірі жоба жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда 9 жоба іске асырылып жатыр», – деді Ә.Смайылов.

Шара барысында жаңа бірлескен іс-қимыл бағдарламасына қол қойылды. Ендігі кезекте өнеркәсіптің 7 саласы бойынша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Бұдан бөлек, «ИННОПРОМ-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аясында ЕАЭО-ның Өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев та қатысты.

Отырыс барысында өнеркәсіп салаларының негізгі мәселелері мен дамуы, ЕАЭО төңірегінде өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыру тетіктері, өнеркәсіп салаларына мемлекет тарапынан қолдау көрсету мәселелері талқыға салынды.