Шымкенттік ағайынды жігіттер кәуапті көлікте пісіре бастады

0
1 691

"Алдағы уақытта жүріп бара жатқан көлік үстінде пісіп жатқан кәуаптарды көріп қалатын шығарсыздар».


Шымкенттік ағайынды жігіттер кәуапті көлікте пісіре бастады

Халық арасында «Не шықса да Шымкенттен шығады» деген сөз кеңінен тарап кеткен. Шымкенттіктерді бұлай бағалауы бекер емес, себебі шаһар тұрғындары таңқалдырудан шаршамайды.

Миллиондаған халқы бар шырайлы қала тұрғындарының тосынсыйлары азайған жоқ, керісінше әлі де таусылар емес...

Үшінші мегаполиске келген қонақтар қаламыздың тағамдарын ерекше мақтап жатады. Осы ретте оңтүстікке ат басын бұрғандар дәмі тіл үйірер тағамдарынан ауыз тимей кетпейтіні анық. Соның ішінде Шымкенттің кәуабы ерекше сұранысқа ие.

Шаһарда кәуаптың түр-түрі пісіріледі. Қаланың кез-келген жерінде кәуап пісіретін асханалар мен дәмханалар жетерлік. Сәйкесінше бәсекелестік те жоғары. Қаладағы кәуап пісірушілер бір-бірінен асып түсудің түрлі әдіс-тәсілдерін жасауда.

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Солардың ішінде ағайынды Әуеновтердің кәуабын ерекше атап өтуге болды. Ағайынды аспаздар кәуапті мангалда емес, көлік капотында пісіреді. Өздері арнайы жасатқан көлікте кәуаптың 5 түрін пісіріп қала тұрғындарының көңілінен шығып жүр. Одан бөлек, түрлі фастфуд тағамдарын пісірумен де айналысады.

Ағайынды іскер жігіттердің кәуап бизнесін бастағандарына 1,5 жылға жуық уақыт болыпты. Алғашында донер пісірумен айналысқан екен. Кейіннен кәуапты қолға алыпты. Ашылғандарына көп болмаса да тапсырыс берушілердің қарасы аз емес көрінеді.

Көлікте кәуап пісіп жатқан видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен еді. Аз уақыттың ішінде өз елімізден бөлек, алыс жақын шет елдерге де танылып үлгеріпті. Дәмханаға келушілердің арасында Мәскеудегі досының кеңесімен келгендер де бар. Көлікте дайындалған кәуаптің видеосы Қытай мен Әзербайжанда да көптің көңілінен шыққан көрінеді.


«Қалада кәуапқа сұраныс жоғары. Сұраныс неғұрлым жоғарлаған сайын, басқалардан ерекшеленуді ойладық. Көлік капотында кәуап пісірместен бұрын, бөлке нанның ішіне салынған кәуап пісіріп біраз таңқалдырғанымыз бар. Кейіннен осы көлікті әкеп қойдық», - деді жас аспаз Әуенов Мұхамеджан.


Олар бәсекелестіктің жаңа тәсілін, тұтынушыны қызықтырудың ерекше жолын тапқан. Кәуап пісіретін көліктің бағасы – 300 мың теңге. Ол көліктің қойылғанына енді 3 күн болыпты. Үш күн енді өтсе де тапсырыс берушілер қатары бұрынғыдан бірнеше есе көбейген. Көлікте піскен кәуаптің басқа кәуаптардан айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Кәуаптің дәмі оның пісіру техникасында емес, дайындалу жолында дейді олар. Яғни кәуапқа түрлі дәмдеуіштер қосу арқылы ерекше етіп әзірлеуге болатын көрінеді. Қазіргі таңда дәмханада көп жылдық тәжірбиесі бар 10-ға жуық аспаз бар. Сонымен қоса, кәуаптің бағасы басқа жерлермен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді.


«Бір орында тұрып қалу ойымызда жоқ. Бұдан да мықты идеялармен көпшілікті таңқалдырамыз. Қазақстандағы нөмер бірінші болуға жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі кезде кәуаптар бір орында тұрған көлікте пісіп жатқан болса, алдағы уақытта жүріп бара жатқан көлік үстінде пісіп жатқан кәуаптарды көріп қалатын шығарсыздар», - деді ол.



«Осыдан екі жыл бұрын досым тағамдармен тауда видео жасайық деген ұсыныс тастады. Сонымен Қасқасуға барып, бұлақтың жанында тағамдар жасап видео түсірдік. Бірақ, ол видео Қазақстанда емес, Өзбекстанда қатты таралып кетті. Біз ол видеоларды телеграм мен тик-тоққа салдық. Өте көп қаралым жиналды. Сосын біз бұл кәсіпті табиғатпен байланыстыру екенін түсіндік. Одан соң, Көлсай, Шарын, Алмарасанға барып көп видео түсірдік. Алдағы уақытта Бурабай мен Каспий теңізіне барамыз деп жоспарлаудамыз. Бұлай жасауымыз тек өзіміздің кәсіпті ғана дамыту емес, елімідің әсем жерлерін көпке таныту. Қазақстанда да жақсы демалу мүмкіндігі бар екенін халыққа жеткізгіміз келеді», - деді жас кәсіпкер.



Алғашында ағайынды кәсіпкерлер кәуапты бөлке нанға салып берумен ерекшеленген болатын. Әдетте барлық жерде кәуапті арнайы пластиктен жасалған ыдыстарға салып береді.


«Бір күні телефон қарап отырып, пластмасса ыдыстардың қоқыстан жасалатынын көрдім. Соны оқып отырып, бұл заттардың адам денсаулығына зиян екенін түсіндім. Одан кейін кәуапты бөлке нанға салып шығара бастадық. Бұл бір жағы өзіміздің жеке брендімізге айналды. Алдағы уақытта өзіміздің жеке наубайханамыз ашылайын деп жатыр. Тек өзімізге пісіріледі. Яғни бөлке нанға салынған кәуапты өзіміздің брендке айналдырамыз», - деді Бағдәулет Әуенов.


Ағайынды кәсіпкерлер алдағы уақытта өз кәсіптерін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Тек кәуаптің дәмімен ғана ерекшеленіп қоймай, көпшілікті таңқалдыратын идеяларын іске асырғысы келеді. Осы арқылы еліміздегі №1 кәуап пісірушілер қатарына қосыламыз – дейді олар.

Бағасы мен сапасы келіскен көлік капотында пісірілетін кәуаптарды bro_shashlyk-тен таба аласыздар.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ