Шымкенттік әкім халықпен кездесуін мейрамханада өткізді

0
1 987

Ауданның жаңа әкімі орам, көше, үй басқарушыларымен жақын танысып, игі бастамаларды қолға алмас бұрын ардагерлердің батасын алуды құп көрген екен.


Шымкенттік әкім халықпен кездесуін мейрамханада өткізді

фото: Асхат Әссанди

ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі тұрғындармен мейрамханада кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Әл-Фараби ауданыәкімінің facebook желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов және аппарат қызметкерлері «Ай-Ғасыр» мейрамханасында аудан тұрғындары және зиялы қауым өкілдерімен кездесу ұйымдастырған. Ауданның жаңа әкімі орам, көше, үй басқарушыларымен жақын танысып, игі бастамаларды қолға алмас бұрын ардагерлердің батасын алуды құп көрген екен.

Кездесуде ауданның ақсақалы Нұрғали Нұртаев бата беріп, Абдул Хамит Қаттани мешітінің наиб имамы Анарғали Керімбеков құран оқыды. Баталы жиынға қатысқан ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері және белсенді тұрғындар аудан аумағындағы өзекті мәселелерді атап, қаламызды көркейту бағытындағы жұмыстарды бұдан әрі жандандыру жолында Ғабит Патшаханұлына сәттілік тіледі.

«Бірлесіп жұмыс атқарсақ, біз алмайтын қамал жоқ. Елдің бүгінгі батасы мен тілегі біздің ұжымға үлкен серпін беруі тиіс. Біз аудан тұрғындарымен жақын байланыс орнатып, тығыз жұмыс жасаймыз деген сенімдемін», – деді Ғабит Патшаханұлы.

«Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген даналы сөзді басшылыққа алған аудан әкімі кездесуге келген барша қонақтарға алғысын айтып, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлерін халық сенімінен шығып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды.