​Шымкенттік еріктілер сағатына 1000 теңге жалақы алады

0
1 793

Бұдан былай еліміздегі еріктілерге ақы төленеді.


​Шымкенттік еріктілер сағатына 1000 теңге жалақы алады

фото: иллюстрациялық

Шымкенттік еріктілерге жұмыс жасаған әрбір сағатқа 1 000 теңгеден ақы төленбек. Яғни, оқудан немесе жұмыстан тыс та қоғамдық жұмыстарға белсене араласу арқылы қосымша қаражат таба алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі мәлім етті.

Ал, бүгінге дейін Шымкент қаласы бойынша тіркелген еріктілер саны 1400-ге жеткен. Олар еңбегіне сай ақы алу үшін де бірнеше талаптарды орындап, тиісті құжаттарды тапсыру шарт. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске асыру шеңберінде хабарланған болатын.


Ерікті болу үшін қандай құжаттар қажет?

Бүгінгі күні еріктілердің «Qazvolunteer.kz» біріңғай платформасында «Әлеуметтік студенттік кредит» жеке модулііске қосылған. Бұл Модульде қатысушы студенттердің есептерін жүктеуіне байланысты техникалық ақаулар пайда болды, олардың шешімі белгілі бір уақытта табылады.

Осыған байланысты жобаға қатысушы студенттерге уақытылы төлемді жүзеге асыру үшін төмендегі құжаттарды қағаз түрінде ұсыну міндеттелген:

  • ЖОО-ның ілеспе хаты.
  • Алаң-ұйымдардың растау хаты.
  • Студенттердің жеке куәлігі (көшірме)
  • Студенттің жеке шотының болуы туралы банктен мөр басылған көшірме.
  • Студенттің мәртебесін растайтын ЖОО-дан анықтама (қолы және мөрі бар)
  • Қатысушы студенттің атқарылған жұмысы туралы есеп.
  • Үш фотосурет (суретте жүргізілген әлеуметтік бағытталған, қоғамдық пайдалы қызмет туралы ақпарат болуы тиіс.)


Өздеріңізге мәлім, 2020 жыл – «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өткен еді. Енді еріктілердің жұмысы тәжірибе болып таңбаланып, еңбекақы да төленетін болады.


Айта кетейік, бүгінде елімізде барлығы 125 волонтерлік ұйым бар. Олар мем­лекеттің әлеуметтік саясатын жүр­гізуде, халықтың әл-ауқатын жақсартуға барынша үлес қосатыны жасырын емес. Әсі­ресе мәдени-спорттық іс-шара­ларда, қайрымдылық марафондарды, ауыр дертке шалдыққан балаларды қолдауда және төтенше жағдайларда, балалар және қарттар үйлерінде осы волонтерлардің еңбектері өлшеусіз. Олардың негізгі миссиясы да осы – қоғамға пайда тигізу.


Өздеріңізге мәлім, Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен халыққа еліміздің әр өңірінен келген еріктілер қолдау білдірді. Күллі қазақ халқы үшін соққы болған бұл сәтте еріктілердің көмегі ауыз толтырып айтарлықтай десек артық емес. Ал,2020 жылды «Еріктілер жылы» деп атауы – қоғам үшін өз пайдасын тигізіп жүргендердің еңбегін бағалау.


Дәл осы тұста шетелдік тәжірибеге назар салсақ, дамыған мемлекеттерде бұл іспен негізінен жастар емес, тұрақты жұмысы бар, жасы үлкен азаматтар да айналы­сады. Мысалы, АҚШ-та еріктілердің саны 70 миллионнан асып жығылады екен. Олардың нақты еңбегін есепке алғанда, шамамен 7,9 млрд сағат құралады. Ал атқарған жұмыс­тары­ның көлемі 184 млрд долларға пара-пар. Ең қызығы, АҚШ-тағы еріктілердің басым көпшілігі – зейнеткерлер көрінеді.


Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласындағы еріктілер қала тұрғындарына АӘК бойынша құжат тапсыру жұмыстарына көмектесуді бастады. Олар 4 аудан бойынша бөлініп, халықты мазалаған сұрақтар мен жағдайлардың шешімін табуға белсене араласуда.