Шымкенттік полицей үлкен кептелісті әп-сәтте реттеп жіберді (видео)

0
951

Түнгі кезекшіліктен шыққан полиция полкінің қызметкері Алдаберген Мылтықбай көлігінен түсіп, жол қозғалысын реттеуге кіріскен.​


Шымкенттік полицей үлкен кептелісті әп-сәтте реттеп жіберді (видео)

Үлкен жол кептелісін әп-сәтте реттеп жіберген полицейдің видеосы кең таралып, қызу талқыға түсті. Шымкенттік танымал полицеймен ERNUR.KZ сайтының тілшісі тілдесіп қайтты.

Осы жылдың 12 қарашасында Шымкент қаласы Арғынбеков және Бәйтереков көшелерінің қиылысында бағдаршам істен шығады. Салдарынан бірден көлік кептелесі орын алған. Осы сәтте үйіне қайтып бара жатқан полиция полкінің қызметкері Алдаберген Мылтықбай еш ойланбастан, көлігінен түсіп, жол қозғалысын реттеуге кіріскен.

- Мен 12 қараша күні түнгі кезекшіліктен шығып, үйге қайтып бара жатқан едім. Жол бойында орын алған кептелісті көріп, көлігімді шетке қойып, өзім кептелісті ретке келтіре бастадым. Өзге әріптестерім келгенше сол жерде бақылау жасап, жүргіншілердің қауіпсіздігін қадағалап тұрдым, - дейді Патрульдік полиция полкінің 12 рота қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Алдаберген Мылтықбай.


Ішкі істер органында 2012 жылдан бастап қызмет атқарып келген Алдаберген Керімбайұлы осыған дейін де бірнеше рет көзсіз ерлікке барып, көпшіліктің алғысына бөленген.

Ол қызметтен тыс уақытында көлік апатынан 70 жасар қарияны аман алып қалып, мүгедек жанға көмектескен екен.

- Қауіп пен қатердің арасында жүрген біз үшін халықтың қауіпсіздігі бірінші орында. Біздің мамандықтың басты мақсаты – түскен шақыртуға дер кезінде бару, көшеде қылмыс болдырмау, болса да тез ашу, - дейді тәртіп сақшысы.

Спортқа жаны жақын Алдаберген Мылтықбай бос уақытында футбол ойнағанды ұнатады. Отбасында үлгілі әке, 2 қызды тәрбиелеп өсіріп отыр.

Антына адал Алдаберген Керімбайұлы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халқына қалқысыз қызмет етуде.