Шымкенттік судья жеті отбасын ажырасудан аман алып қалды

0
1 475

Судья алдын ала сот отырысында ажырасуға бел буған тараптарды бітімге шақырған.


Шымкенттік судья жеті отбасын ажырасудан аман алып қалды

Шымкент қаласында судья бір күнде жеті бірдей отбасын заңды ажырасудан аман алып қалды. Жеті ерлі-зайыпты жұп Абай аудандық сотына ажырасу туралы талап арыз бергендер, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судья-медиаторы Еркін Отарбаевтың көмегімен бір күнде жеті жұбайдың арасындағы некені бұзу туралы арыздарымен қозғалған азаматтық істер қаралып, медиация тәртібімен аяқталды. Судья алдын ала сот отырысында ажырасуға бел буған тараптарды бітімге шақырып, «Медиация туралы» заңның талаптары мен тиімділігін айтып өтіп, бітімге келу арқылы уақыт та, қаржы да үнемделетінін түсіндіріпті.

Түсіндірме жұмысы нәтижесінде тараптар өз қалауларымен медиациялық келісімді бекітуді сұраған.

"Келісімнің шарттары бойынша талап қоюшылар өзінің талап арызынан бас тартады, ал жауапкерлер талап қоюшыға және кәмелет жасына толмаған балаларына қамқорлық жасауға, материалдық жағдайын қамтамасыз етуге міндеттеледі. Соттың ұйғарымымен тараптардың араларындағы түзiлген, дауды медиация тәртібінде реттеу келісімі, ондағы шарттарымен қоса бекiтiліп, iс жүргізу өндiрiстен тоқтатылды. Бұл істер бойынша төленген мемлекеттік баж салықтары талап қоюшыларға қайтарылды" - деп хабарлады Шымкент қаласы сотының баспасөз қызметі.

Айта кету керек, ұйғарымдар заңды күшіне енбеген.