​Шымкенттік жәбірленуші: «Тергеуші күрт өзгеріп діңкілдейтін болды»

0
2 430

Жәбірленушінің жұбайы тәртіп сақшыларының әуел бастан адамша сөйлеспей, дөрекілік танытқандарын айтады.


​Шымкенттік жәбірленуші: «Тергеуші күрт өзгеріп діңкілдейтін болды»

Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесінің 39 жастағы тұрғыны Марс Муродымовтың отбасы жарты жылдан бері әділдік іздеп, тіпті сот медициналық сараптама жасата алмай сандадып жүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жәбірленушінің жұбайы тәртіп сақшыларының әуел бастан адамша сөйлеспей, дөрекілік танытқандарын айтады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің немқұрайлылығынан шаршаған ол төсекке таңылған жұбайының жайын жасаағннан басқа амалы жоқ екенін айтып шырылдайды.

1979 жылы туған М.Муродымов үш баланың әкесі. Сол күнгі оқиғаға дейін төсекке жіпсіз байланбай тұрып темірден түйін түйген шебер болған. Әулеттің жалғыз асыраушысы өзі болатын. Туған інісі хабар-ошарсыз кетіп онсыз да қарт кейуананы уайым басқан еді. Енді жығылғанға жұдырық мына жағдай болыпты.

Отбасын өзі асырап жүрген азамат ай-күннің аманында аяқтан қалып тұра да алмайды. Тіпті сөйлеуге шамасы әзер келеді. Жұбайының айтуы бойынша, арнайы комиссия жәбірленушіні екі жылға мүгедек деп танып, арнайы қорытынды да берген. Қылмыстық іс ілгері жылжып, құзырлылардан қайран боларына сенімсіздікпен қарайтын отбасының мүшелері кімнен әділдік іздерін білмей дал.

"Ұлымды ауруханадан шығарғанда полицейлер келді. Заң алдында кінәлілер жауап беруі тиіс, ойланбаңыздар деп кеткен. Бірақ содан кейін күрт өзгеріп тергеуші де діңкілдейтін болды", - дейді жәбірленуші Муродымовтың анасы Тульпия Муродымова.

"Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 107 бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 23.11.2018 жылы аталған жайт бойынша тағайындалған сот-медициналық сараптама қорытындысын нақтылау үшін комиссиялық сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. ҚР ҚПК-нің 201 және ҚР ҚК-нің 147-баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректерін жария етуге жол берілмейді ", - деп жауап берді аталған іс бойынша Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Сәденова.

Бірақ жәбірленушініңтуыстары 23-ші қарашадан бері де құзырлы органдардан ешбір хабар болмағанын айтады. Жарты жылдан бері бірде бір рет сот медициналық сараптаманы жасатпағандардан әлі де әділдік сұрап, үмітін үзбегеннен басқа амал жоқ деп отыр.