Шымкенттік жаттықтырушылар спортшыларды жарысқа жіберу сылтауымен мемлекет қаржысына залал келтірген

0
970

Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жүйелі шаралар қабылдануда.


Шымкенттік жаттықтырушылар спортшыларды жарысқа жіберу сылтауымен мемлекет қаржысына залал келтірген

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкенттік жаттықтырушылар спортшыларды шетелге жарысқа жіберу сылтауымен сенiмді теріс пайдалану жолымен мемлекетке 5 млн. теңгеден астам залал келтірген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

Аталған ақпаратқа сүйенсек, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала әкімдігінің активімен және қалалық отыз спорт мектептерінің директорларының қатысуымен жиын өткізген.

Кездесу барысында ҚР ҚПК 200-бабының тәртібінде сотқа дейінгі тергеу шеңберінде олимпиадалық даярлау орталығы мен жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің екі аға жаттықтырушысына қатысты ұсыныстар қаралды. Олар спортшыларды шетелге жарысқа жіберу сылтауымен, сенiмді теріс пайдалану жолымен мемлекетке 5 млн. теңгеден астам залал келтірген.


Сонымен қатар, ҚР Жер кодексінің нормаларын бұза отырып, жалпы ауданы 43,5 га болатын 13 жер учаскелерінің координаттарын заңсыз өзгерткен лауазымды тұлғалардың да іс-әрекеттері қаралып, нәтижесінде жауапты қызметкерлерді және олардың тікелей басшыларын тіпті жұмыстан босатуға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту, сондай-ақ бастапқы деректерге сәйкес жер учаскелерінің шекарасын қалпына келтіру туралы мәселені қарастыру ұсынылған.