Шымкенттің бас полицейі анасынан айрылған балаларға көмектесті

0
1 965


Шымкенттің бас полицейі анасынан айрылған балаларға көмектесті

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов, жетім балалардың жағдайын сұрай барып, көмек қолын созды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Тілемісовтердің анасы Анардың артында төрт бірдей бала қалған. Әкелері де 2016 жылы бақилық болған екен. Тұл жетімдер әжесінің қарауында. Төрт баланың екі үлкені студент болса, екеуі әлі кәмелетке толмаған.

Тағы бір анасынан айырылған көпбалалы отбасы Жансая Ақтанбердиеваның отбасы. Жансаяның артында төрт өрімдей бала қалған. Әкелері жалғыз өзі қарап отыр. Кәмелетке толмаған төрт баланың әкесі жұмыссыз, басында баспаналары жоқ.

Марқұм Бағила Балданбаеваның да артында үйелмелі-сүйелмелі төрт бала қалған. Студент үлкені кейінгі үш бауырын өз қамқорлығына алған. Бастарында баспана жоқ. Балалардың кішісі небәрі үш жаста.

Үшінші мегаполистің бас полицейі Ералы Жұмаханбетов аналарынан айырылған балалардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, кез-келген уақытта полиция тарапынан көмек беруден аянбайтындықтарын жеткізді.