​Шымкенттің ең сұлу аруы анықталды

0
1 727

"Шымкент аруы-2018" атағын Балжанат Анас жеңіп алды.


​Шымкенттің ең сұлу аруы анықталды

Шымкент қаласында "Шымкент аруы-2018" байқауы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Іріктеуге келген жүзден аса арудың арасынан таңдалып алынған 20 қатысушы бүгін Шымшаһардың ең сұлуы атану үшін барын салды. Байқау қарсаңында сұлулар көше сыпырып, туған қаланың көркейтуге, тазалығын сақтауға атсалысқан болатын. Сондай-ақ балалар үйіне арнайы барып, мейірім мен жылылыққа сусаған сәбилермен тіл табысып, адами қасиеттерін де таныта білген.

Тағы бір айта кетерлігі, іріктеу сатысында да, байқау барысында да қатысушылар жартылай жалаңаштанып бикинимен бұлаңдаған жоқ. Қайта көрік пен ақыл-парасат, әлеуметтік белсенділігін сынға салды.

Сонымен жүзден жүйрік атанып, "Шымкент аруы-2018" атағын Балжанат Анас жеңіп алды. Балжанат қаламыздағы жоғарғы оқу орындарының бірінде студент. Балжанатқа сұлулық тәжін "Қазақстан аруы-2018" Альфия Ерсайын табыс етті. Сондай-ақ Балжанатқа 150 мың теңгенің сертификаты мен зергерлік бұйым табысталды. Енді "Шымкент аруы-2018" титулының иегері Балжанат Анас "Қазақстан аруы-2019" байқауында Шымкенттің атынан сынға түсіп, бағын сынайтын болады.
Айта кетейік, сұлулық сынына Ресейден әнші Паскаль арнайы шақыртылып, шымкенттіктерге өнерін паш етті. Сұлулық салтанатын белгілі актер Ғани Құлжанов пен "Перекресток" сериалының жұлдызы, актриса Ирина жүргізді.