Шымкенттің жаңа ауданында шешілмей жатқан мәселе көп

0
2 405

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты «Нұрсәт 1» шағынауданындағы көп қабатты үйдің тұрғындары құрылыстың дұрыс істелмегеніне наразы


Шымкенттің жаңа ауданында шешілмей жатқан мәселе көп

Суреттер: ERNUR.KZ

ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы «Нұрсәт 1» шағынауданының тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің мәселесін айтып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты «Нұрсәт 1» шағынауданындағы көп қабатты үйдің тұрғындары құрылыстың дұрыс істелмегеніне наразы. Осы мәселеге байланысты ERNUR.KZ тілшісі жағдаймен арнайы барып танысып қайтты. Қаратау ауданы әкімдігі ғимаратының дәл қасында орналасқан №1 тұрғын үй мемлекеттік бағдарламамен салынған.

«Бұл үй 2006 жылы пайдалануға берілген. Үйдің ішіндегі асхана, жуынатын бөлме мен қабырғалардан «вентилиция» жүргізбеген. «Вытяжка» орнатайық десек тесік жоқ. Өткен жылы басталған жөндеу жұмыстарының аяқталмай қалған жерлері биыл сәуірде аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер компания төбе көрсетпеді. Жертөледен ауа айналымына арналған саңылау қалдырылмаған, оны өзіміз қолдан істеп алдық. Жаңбыр жауса көлкіген су жертөлеге ағады», - дейді осынау үйдің тұрғыны, әлеуметтік желі белсендісі Өмір Шыныбекұлы.

Мұның алдында «Миллионер қаланың тұңғыш әкімі ретінде Ғабидолла Әбдірахымов ерекше құзіреттерге ие болды. Олай болса, сапасыз құрылыс жүргізген компанияларының құрылтайшыларын тауып, қылмысқа пара пар өз қателіктерін жөндеткізсін.
Егер жертөле түгілі, үй қабырғаларына вентиляциялық тесіктер қалдырмаса, қылмыс емей немене?
2006 жылы пайдалануға берілген мынау үйлерді қабылдап алған мамандар Ғабидолла Әбдірахымовтың командасында да отыруы мүмкін...»
деген жазбаны қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы facebook желісіндегі парақшасында жариялаған болатын.

Бұл ғана емес, аталған үйдің тұрғындарында шешімін таппай жатқан өзге де мәселелер баршылық көрінеді. Өмір Шыныбекұлының айтуынша, ауладағы балалар ойнайтын алаң жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр.

Ал үй басқарушысы осынау үйдің шатырына қатысты мәселені баса айтты. Бірнеше жыл бұрын қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің шатырлары қатты жел әсерінен ұшып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген екен.

«Желден кейін шатырды жөндеген кезде жартысын ауыстырмаған. 5-қабаттағы тұрғындар «төбемізден су ағады» деп шырылдайды да отырады. Басқа үйлердің барлығының шатырын дұрыс істеген де, біздікін ғана толық ауыстырмаған», - дейді қазіргі үй басқарушысы Гауһар Қилыбаева.

Тұрғындардың айтуынша, үйдің алдындағы аялдама да қолайсыздық тудырып отырған көрінеді.

«Жолдың тура бұрышына орналасқан аялдама да қозғалысқа кедергі келтіреді. Көліктер бірінің артына бірі келіп тоқтағанда жолды жауып қалады. Балаларымызды басып кете ме деп қорқамыз. 50 метр арыдағы ашық жерге ауыстырса жақсы болар еді», - дейді Өмір Шыныбекұлы.

Қоғам белсендісін мазалап жүрген тек өз үйінің жайы ғана емес, шағын аудандағы қауіпсіздік мәселесі.

«Көп қабатты тұрғын үйлердің ауласындағы терең арықтарға ойын баласы түсіп кетсе шыға алмайды. Оның үстіне беті жабылмағандықтан сасық иіс шығады, осы мәселені биліктегілер шешіп берсе екен», - дейді ол.