Шымкенттте кәсіпкерлердің 33,5 млрд теңге құрайтын несиелерін төлеу кейінге қалдырылған

0
1 513

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 30 жоба қолдау тапты.


Шымкенттте кәсіпкерлердің 33,5 млрд теңге құрайтын несиелерін төлеу кейінге қалдырылған

Шымкентте кәсіпкерлердің 33,5 млрд теңге құрайтын несиелерін төлеу кейінге қалдырылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша аймақтық филиалының директоры Алмас Тастанов мәлімдеді.
– Биыл пандемияға байланысты карантин кезеңінде кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерге несие төлемдерін кейінге қалдыру туралы өтініштері негізінде 123 жоба қаралып, жалпы сомасы 33,5 млрд теңге құрайтын несиелерді кейінге қалдыру тағайындалды. Сонымен қатар экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнеске 12 ай мерзімге субсидия беру туралы шешім қабылданып, мемлекет тарапынан 29 қызмет түрін субсидиялауға мүмкіндік туды. Одан бөлек, пайыздық мөлшерлемені алу бойынша 241 кәсіпкерге қолдау білдірілді, – деді Алмас Құлмұханұлы.
Қор директорының айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 117 жаңа субсидиялау шартына қол қойылған. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда жобалар санының өсу динамикасы 185 пайызды құраған. Оның ішінде сауда, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр.
Айта кетейік, биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 30 жоба қолдау тапқан. Ал карантин кезеңінде барлық субсидия мен кепілдікке өтінімдер «Egov.kz» және «Online Damu» порталдары арқылы онлайн режимінде қабылдануда.