"Сіздің орныңызға экзамендер тапсырып, бизнес план жасаймыз": Шымкентте алаяқтардың хабарламасы тарады

0
426

Шаһар тұрғындары «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша месенджерлер арқылы жаппай хабарлама алуда.


Шымкентте алаяқтар «Бастау Бизнес» жобасының қатысушыларына қомақты соммаға сертификаттар ұсынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласының тұрғындары емтихандарды тапсыруға, бизнес-жоспар құруға, сондай-ақ «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуды тәмамдағаны туралы сертификат алуға көмектесе алатын бір компаниядан месенджерлер арқылы жаппай хабарлама алуда.
Хабарламада компанияның 3 жыл бойы осындай қызметтермен айналысатындығы жөнінде айтылған. Хабарлама мазмұны төмендегідей:
«Сіздерді «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқуға түсулеріңізбен құттықтаймыз! Егер сіз белгілі бір себептермен Атамекен, «Бастау Бизнес оқуын оқи алмайтын болсаңыз, біз көмектесеміз. Біз жеке компания қызметін ұсынамыз, үш жыл бойы «Бастау Бизнес» оқуын оқытып сертификаттарын алып беріп келеміз. Сіздің орныңызға сабақ оқып, экзамендер тапсырып, бизнес план жасаймыз. Курсты толық бітірген туралы сертификат алып береміз. Орындар шектеулі, тезірек тапсырыс беріңіз». Дәл осы мәтінде жалған ақпарат таралуда.
Осыған байланысты, Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың барлық қызметтері өтеусіз негізде жүзеге асырылатынын хабарлады.
Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы оқыту барысында жобаға қатысушыларды тек жоба кеңесшісі және әр топтың бизнес-тренері сүйемелдейтінін еске салады. Жоғарыда атап өткен хабарлама бойынша ақпарат «Атамекен» ҰКП қауіпсіздік қызметіне жіберілген.