​Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Шымкент тұрғындарын шақырады

0
1 996

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әддірахымов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақалов кездесті


​Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Шымкент тұрғындарын шақырады

Шымкентте қала әкімі Ғабидолла Әддірахымов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақаловтың қатысуымен үлкен мәжіліс өтті. Жиында өңір тұғындарының солтүстікке қоныс аудару мәселесі талқыланды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі шымкенттіктерді өз облысына жұмысқа шақырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл кездесуге Шымкент қалалық және Түркістан облысы мәслихатының депутаттары, өңірлердің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары да қатысты. Шымкент қаласына арнайы іс-сапар ұйымдастырып келген СҚО әкімі Құмар Іргебайұлы кездесуде өңіріміздегі уақытша жұмыссыз тұрғындарымен сұхбаттасты. Баспанамен қамту және бос жұмыс орындары жайлы мәлімет берді.

Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы, шөбі майса, көк шалғын. Орман, көл өте көп. Май дақылдарын өндіруде және оны экспорттауда республика бойынша 1 орындамыз. Бүгінге дейін еліміздің әр түкпірінен 2700-дей адам қоныс аударып келсе, соның жартысы Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келген азаматтар. Өте мобильді, шаруаны дөңгелетіп ала жөнелетін еңбексүйгіштігін байқадық. Сондықтан да демографиялық өсімі жоғары, бос жұмыс орнын іздеген шымкенттіктерді, түркістандықтарды әдейі іздеп келіп отырмын. Осы мақсатта Солтүстікке Шымкенттің өзінен жұмысқа қабылдайтын, біздің өңірді жақын таныстыратын арнайы штаб құрсақ деген ойымыз бар. Оны Ғабидолла Рахматоллұлымен ақылдасып шешетін боламыз, – деді Қ.Ақсақалов.

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов Қ.Ақсақаловқа қолдау танытып, бірге жұмыс жасауға ықыласты екенін айтты. Ал депутат Жаңабай Ағабеков кәсіпкерлікке қолдау көрсету барысында алаңдайтын мәселе барын алға тартты.

Солтүстікке жұмыс іздеп барған жерлестеріміздің кепілге қоятындай жылжымайтын мүлкі жоқ. Кәсіпкерлікті қолдау барысында осы жағдайды ескерулеріңізді сұраймыз. Өйткені, Солтүстікке барғандар тек еңбек ету мақсатымен қоныс аударып отыр, – деді депутат.

Жұмыс іздеген жастарды ауыл шаруашылығынан басқа да саладағы бос орындар қызықтырды. Бірі мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері туралы сұраса, енді бірі «СҚО-да бос орындар тек ауыл-аудандарда ма?» деп нақтылай түсті. Сарыағаштық Нұрсұлтан есімді жас маман «әуелі ауыл-аудандарға жұмысқа орналасып, кейін облыс орталығына ауысуға бола ма?» дейді.

СҚО әкімінің айтуынша, ауыл-аудандарға барып, кейін облыс орталығына қызмет ауыстыруға болады. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы аясында шымкенттік жастарды оқытуға дайын екенін атап өтті.

«Серпін» бағдарламасымен жастарды оқытуға дайынбыз. Есесіне, сол жастар СҚО-да 3 жыл қызмет етуі шарт. Ал қыз балалар сол 3 жыл өткен соң да Солтүстікте қалып, жергілікті азаматпен отбасын құрса, ол шаңыраққа міндетті түрде баспана сыйға тартамыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Біз сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз. Елбасымыздың тапсырмасын орындау барысында біздің қалаға келіп, халықпен кездесіп, депутаттармен әңгімелесіп, ұсыныстарымызды тыңдаған сізге біз де лайықты қолдау көрсетеміз. «Өсемін, озамын» деген жастар қиындықтан қорықпауы керек. Солтүстік суық болғанымен, онда бәсекелестік аз. Осы мүмкіндікті пайдалану қажет, – деп қорытындылады жиынды қала әкімі Ғ.Әбдірахымов.