"Ұн жоқ!": Шымкент базарларында ұн тағы қымбаттады

0
4 316

Ұнның қымбаттауы наубайханаларға да әсерін тигізуде.


Шымкент қаласының сауда сөрелері мен қоймаларында ұн тапшылығы сезілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Халықтың ең көп тұтынатын өнімдердің бірі ол - ұн. Шымкентте ұн тапшылығы сезіліп жатқаны турасында редакцияға шағым түскен соң ERNUR.KZ тілшісі базар сөрелері мен қоймаларын аралап шықты. Расымен де ұн тапшылығы байқалады. Оны «Қырғы базар» саудагерлері растап, ұн тапшылығы бар екенін және ұн бағасының көтерілгенін растады.

«Бізде қазір бір айдың көлемінде «Dani nan» ұны болған жоқ. Оның үстіне барлық ұндардың бағасы көтеріліп тұр. Жуық шамада 1 мың теңгеге қымбаттады. Мендегі бар «Ордабасы» және «Пионер» ұндары. Ал, «Алтын дән» ұны бізде жаз бойы сатылымда болған жоқ», - дейді саудагер Омарова Аида.

Сондай-ақ, ұн жетіспеушілігі қаланың наубайханаларына да өз әсерін тигізуде. Наубайхана иелерінің айтуынша, ұнның тапшылығы және оның бағасының өсуінен шығаратын өнімдердің бағасын көтеруге мәжбүр еткен.

«Ұн жоқ! Қымбаттап кетті. Бізге қатты әсері тиіп жатыр. Жалғыз біге ғана емес, қарапайым адамдарға да қиын болып жатыр. Ұнның бағасы көтерілген соң, барлық тауар бағасы қымбаттап жатыр. "Ордабасы" ұнының жоғарғы сортының қабы 7 мың теңге, ал бірінші сорты 6,5 мың теңге болып кетті. Ал, «Алтын дән» ұндары сатылымда жоқ», - дейді «Керемет» кондитерлік цехының басшысы Мунира Анарметова.

Сонымен қатар, осы жағдайға байланысты қала аумағындағы «Dani nan» ЖШС-нің басшысына хабарласқанымызда ұнның болмауы себебін сапалы бидайдың жоқтығын айтып, соның әсерінен біраз уақыт ұн шығарылмағанын айтты.

«Жұмыс істеп жатырмыз. Қазір сапалы бидай келіп жатқан жоқ. Бір айға жуық ұн шығарған жоқпыз. Бірақ 10-15 күнде бидай келсе қайта шығаратын боламыз. Бүгінде бидай бағасы қымбат болып тұр», - деді «Dani nan» ЖШС-нің басшысы Кудрат Ерметов.

Ал "Алтын дән" ЖШС-не хабарласқанымызда, бұл туралы жауап беретін басшыларының жоқтығын айтып, қандай да бір пікір беруден бас тартты.

Алдағы уақытта ұнның бағасы тағы көтеріле ме әлде қамбаға бидай түскен соң арзандай ма, ол жағы әзірге белгісіз болып отыр.