"Замдарыңызға сенбеймін!": Шымкент тұрғыны арызын мегаполис басшысының өз қолына табыстады

0
1 346

Кеше ғана тағайындалған қала әкімі тұрғындардың арызын көпшілік алдында қабылдап алды.


Абай ауданының әкімі 2019 жылда атқарылған жұмыстар жөнінде халықпен есепті кездесуін өткізді. Қорытынды кездесуге күні кеше Шымкент қаласының басшысы болып тағайындалған Мұрат Әйтенов қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аудан тұрғындары Ғалымжан Төлеповтың жыл бойында атқарған жұмыстары жөнінде ақпараттарын тыңдаған соң түйіні шешілмеген мәселелер жайлы талқылай бастады.

Проблемаларын жеткізген тұрғындардың сауалдарына, ұсыныстарына мән берсек, басым көпшілігі қоғамдық көлікке, сапасыз жолға және жарықтандыру жұмыстарына бағытталыпты.

Алайда, аудан тұрғындарының бірі өз мәселесін көпішілік көзінше ғана айтып қоймай, жазбаша арызды Шымкент қаласының жаңа басшысы Мұрат Әйтеновтың өз қолына табыстады.

«Абай ауданының әкіміне қояр кінәм жоқ. Негізгі жауаптылар жоғарыда ғой. Сол үшін сұрақты сіздерге қоямын», - деп өз сауалын мегаполис әкіміне қарай тіке сілтеді.

«Жақында ауылымызға бір күн автобус жүріп, қуанып қалып едік. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Солтүстік саяжай елдімекеніндегі ең басты мәселе – осы қоғамдық көлік. Осы сәтті пайдаланып, қолма-қол мына хатты өзіңізге бергелі тұрмын. Замдарыңызға сенбеймін. Бар үмітім сізде!» - деп Мұрат Әйтеновтың қолына ауылдың жайы туралы жазылған хатты ұстатты.

Бұл өз арызын жазбаша алып келіп, Абай ауданы әкімдігінің қызметшілеріне емес, қала әкімінің қолына ұстатқан жалғыз тұрғын емес. Мұнан кейінгі сауал қойған бірнеше тұрғын арнайы барып, Мұрат Әйтеновтың қолына тапсырды. Халықтың бұл іс-әрекетінен жаңа басшыға артылған сенім мен күтер үміттің де зор екендігі байқалып тұр.

Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлеповтің өткен жылда атқарған жұмыстары жөніндегі мәліметтеріне сүйенсек, 22 елді мекен ауыз сумен қамтылса, 12 елді мекен құдық және тасымалды ауыз суларын пайдаланады. 2019 жылы 2 елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, Ақжар тұрғын алабындағы 650 үйді (жоба құны - 360,7 млн. теңге) ауыз сумен қамту құрылысы толық аяқталып, пайдалануға тапсырылыпты.

Ал, Айкөл тұрғын алабындағы 66 үйге (жоба құны- 168,1 млн. теңге) ауыз су жүйлері толық тартылып, қазіргі таңда абоненттерді қосу, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

Ауданда 453 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Көпқабатты тұрғын үйлердің 424-і орталық жылу жүйесіне қосылған болса, 29 көпқабатты үй - Жаңаталап тұрғын алабында 5 үй; Қызылжар тұрғын алабында 16 үй; аудан орталығында 8 тұрғын үй жеке қазандыққа көшкен.