«Жарылғыш зат қойылған»: Шымкенттік сауда үйлерінің біріндегі жағдай жұрттың үрейін ұшырды

0
1 505

Полицейлер сауда орталығының қызметкерлері мен келушілерін бірден эвакуациялаған.


«Жарылғыш зат қойылған»: Шымкенттік сауда үйлерінің біріндегі жағдай жұрттың үрейін ұшырды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласындағы сауда үйінен жарылғыш зат туралы хабарлама келіп түскен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Атап айтсақ, 24 қараша күні түскі уақыт 13.00 шамасында Шымкент қаласы Абай аудандық полиция бөліміне Темірлан тас жолы бойындағы сауда орталығының автотұрағында елдің үрейін ұшырған «Жарылғыш зат салынған» деген күмәнді сөмке табылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Шақырту бойынша шұғыл жеткен полицейлер сауда орталығының қызметкерлері мен келушілерін бірден эвакуациялап, оқиға орнына Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да жедел жеткен.

"24.11.19. күні сағат 13.38-де Абай аудандық полиция бөлімінің кезекшісінен сауда үйінің автотұрағынан күмәнді сөмке табылғаны туралы хабарлама кеп түскен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінен 16 қызметкері мен 4 арнайы техника,ОСО 6 қызметкер мен 1 арнайы техника, ЦМК 3 жұмысшы мен 1 арнайы техника жұмылдырылған", - деп мәлімдеді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, жұрттың үрейін ұшырып, әбігерге салған күмәнді сөмкенің иесі көп ұзамай анықталып, сауда орталығының автотұрағына шымкенттік тұрғынның бірі сөмкесін ұмыт қалдырған болып шықты. Жарнама ісімен айналысатын тұрғын сөмкесінде тек жарнамалық қағаздар ғана болғанын айтқан. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.