Жедел штаб: Шымкентте вакцина алғандар арасында індеттен қайтыс болғандар жоқ

0
413

Соңғы тәулікте шаһарда індет жұқтырған 488 адам тіркелді.


Жедел штаб: Шымкентте вакцина алғандар арасында індеттен қайтыс болғандар жоқ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Онлайн форматта өткен жиында қаланың эпидемиологиялық жағдайы талқыланып, індеттің таралуына тосқауыл болатын мәселелер айқындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Соңғы деректер бойынша қаламызда жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 14015 адамға жеткен, оның ішінде 9075 адам емделіп шыққан. Соңғы тәулікте дерттің 488 жағдайы тіркелген. Ауру жұқтырғандармен байланыста болған 8576 адам анықталып, дәрігерлік қадағалауға алынған. 3277 адам үй бақылауында болып, 1853 адам стационарға жатқызылған.
Жедел жәрдем қызметі бойынша ең көп шақыртулар 20 шілде күні орын алып, тұрғындардан 2416 шақырту келіп түскен. Оның ішінде аурудың пневмония диагнозымен 223 шақырту болса, жедел респираторлық вирустық инфекция диагнозымен 437 шақырту түскен.
Қалада вакцинаның бірінші компоненті 349 902 адамға егілсе, екінші компонентін – 229 273 адам алған. Қаладағы медициналық ұйымдар қажетті дәрі-дәрмек қорымен толықтай қамтылған.
Эпидемиологиялық ахуалдың даму үрдісін талдаудан өткізген қала басшысы М.Әйтенов, індет таралуына себепші болатын барлық жағдаяттардың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Оның ішінде инфекциялық науқастар жатқызылған емдеу мекемелерінің шайынды суларын залалсыздандыруды, медициналық қалдықтарды жоюды тиісті талаптарға сәйкес атқаруды жүктеді.


Жиын барысында карантин талаптарының сақталуын бақылайтын мобильді топтар соңғы бір аптаның ішінде 3930 нысанға мониторинг жүргізгендігі, оның ішінде 186 нысан белгіленген режимді бұзғандығы айтылды. Қала әкімі талапқа бағынбай отырған мұндай нысандар қоғамдық денсаулыққа нұқсан келтіріп отырғандығын айтты.
Салалық мемлекеттік органдар халыққа ақпарат жеткізуде қоғамға ой салатын сараптамалар беруі керек екендігін атап өтті. Мәселен, қазіргі деректер бойынша, вакцина алған медицина қызметкерлерінің арасында коронавирус індетін жұқтыру деңгейі вакцинаға дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда едәуір азайған. Вакцина алған тұрғындар арасында індеттен қайтыс болу деректері тіркелмеген. Ауырғанның өзінде екпе алғандарда бұл ауру жеңіл өтіп, адам өміріне қауіп төндірмейді делінді.

«Ашық» жобасына қатысатын бизнес субъектілерге келушілер арасында 208 адам – «сары», 82 адам – «қызыл» статустары бар екендігі анықталған. Яғни, бұл азаматтар өздерінің айналадағы адамдарға вирус жұқтыруы мүмкін екендігін саналы түрде білген. Соған қарамастан, олар қоғамдық орындарға баруын доғармай, жауапсыздық танытқан. М.Әйтенов халық арасындағы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде жеке азаматтардың жауапсыздығы бүкіл қоғамға төндіретін қауіп екендігін жеткізуді, халық денсаулығын қорғауда жүйелі ақпараттық жұмыстар жүргізу керектігін ескертті.

Сонымен бірге, ауру жұқтырған азаматтарды анықтауда мониторингтік топтар аса маңызды жұмыстар атқаратынын, олардың қызметінде қателіктер орын алмауы керек екендігіне назар аударды. Анықталған әрбір науқас дәрігерлердің қадағалауында болып, онымен байланыста болғандармен жүйелі жұмыстар жүргізілуін баса айтты. Қажеттілік болған жағдайда аудандардағы мониторингтік топтар санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.