«Жұмыртқа 90 теңге»: Шымкентте азық-түлік бағасы қымбаттады

0
5 282

Жұмыртқа бағасының қымбаттауы шет елден келетін шикізат көздерінің бағасы өскеніне байланысты екен.


«Жұмыртқа 90 теңге»: Шымкентте азық-түлік бағасы қымбаттады

иллюстрациялық сурет интернеттен алынды

Шымкентте жұмыртқаның бағасы 60 теңгеге дейін қымбаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Тіпті, кейбір дүкендердің жұмыртқаны 90 теңгеге сатып жатқанын тұрғындар әлеуметтік желіге жазып жатыр.


Күнделікті өмірде жұмыртқадан қол үзбейтін халық оның бағасының өскеніне наразы. Тұрғындар азық-түлік дүкендеріндегі жұмыртқаның бағасы бұрынғыдан қарағанда біршама өскенін айтады.

- Бір жұмыртқаны 50 теңгеге алып отырмын. Күнделікті қолданып жүрген жұмыртқаның өзі бұлай қымбаттаса, басқа үн, май, макарон дегендер шарықтап кеткен шығар. Зейнетақыға болар болмас ақша қосылды екен деп ойларына келген бағаны қоюға болмайды ғой, - дейді қала тұрғыны Арай Есенәлі.


Қаладағы базарлар мен азық-түлік дүкендеріндегі баға да әртүрлі. Базарларда жұмыртқа бағасы 45 теңгеден басталса, алыс-жақын азық-түлік дүкендерінде жұмыртқа бағасы 60 теңгеге дейін өскен. Дүкен иелері жұмыртқаны фабриканың өзінен қымбатқа келіп жатқанын алға тартады.

- Соңғы айларда жұмыртқа бағасы айтарлықтай өсіп кетті. Бұрындары 30-35 теңгеден алып жүрген жұмыртқаларды жеткізушілерден 40-42 теңгеге алып, 45-48 теңгеден сатып жүрдік. Енді, міне 50 – 53 теңгеден келіп жатыр. Біз тек 3 теңге ғана қосып сатамыз. 30-31 желтоқсан күндері қалада жұмыртқа жетпей, дүкендерде таусылып қалса керек, сол кездерде бағасы шарықтап 70 теңге дейін жеткен еді. Қазір қайта бағасы түсті. Көлеміне қарай 50 – 55 теңгеге тұрақтап тұр, - дейді «Рахат» дүкенінің сатушысы Айкерім Алиасқар.

Ал қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының мамандарының мәліметінше, жұмыртқа бағасының қымбаттауы шет елден келетін шикі зат көздерінің бағасы өскеніне байланысты екен.

- Шымкент қаласында жұмыртқа шығарумен «Шымкент құс», және «Тассай құс» фабрикалары айналысады. Олардан шыққан әр өнімнің сапасы мен бағасын қадағалап отыратын арнайы мамандар бар. Негізінен жұмыртқа бағасының қымбаттағанына 4 ай болды. Ол фабрикаларға келетін, яғни құстардың жем-шөбі, түрлі шикізат көздерінің қымбаттағанына байланысты. Оның бәрі тексерілген. Жұмыртқа бағасының қымбатауына байланысты заңсыз әрекеттер тіркелген жоқ. Нарықта жұмыртқалардың көлеміне қарай 4 түрі бар. Сәйкесінше көлеміне қарай бағалары да өсіп отырады. Ал экономикалық нарықта жұмыртқаның нақты бағасы бекітілмеген. Ол өнімнің көлеміне, жеткізілуіне байланысты өзгереді, - дейді Шымкент ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Қайрат Базарбеков.


Қалада жұмыртқадан басқа ет, май, қант, картоп, сәбіз сынды өнімдердің де бағасы айтарлықтай өскен. Тұтынушылардың айтуынша, 5 литр сұйық май бұрындары 2 200 теңге болса, қазір 3400-ге қымбаттаған.

Ал шенеуніктердің айтуынша, бағаның өсуі уақытша. Қаңтар айының ортасына қарай баға тұрақтанатын көрінеді.