​«Әлем барысы» чемпионатының жеңімпазына құрмет көрсетілді

0
1 346

Биылғы жылдың 11 айында шардаралық спортшылардың ішінен 276 облыс чемпионы, 52 Қазақстан Республикасының чемпионы, 29 Азия чемпионы, 8 Халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен 11 Әлем чемпионы шығып отыр.


​«Әлем барысы» чемпионатының жеңімпазына құрмет көрсетілді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен чемпионатта әлем елдерінен келген 33 балуанмен күш сынасып, елдің намысын абыроймен қорғаған Ерсұлтан Мұзаппаров пен оның бапкері Мұсырманқұл Дәуреновті Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов арнайы қабылдап, қаржылай тарту жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Биылғы жыл Шардара ауданының спортшылары үшін табысты жыл болды. Жуырда ғана Корей елінде гір тасын көтеруден өткен Азия мықтылары бақ сынасқан чемпионатта шардаралық Медет Әуесбек пен Асылбек Амандық алтыннан алқа тағып, мықтылықтарын мойындатса, таэквондодан Минск қаласында өткен әлем кубогында Рамазан Қуандық қола жүлдегер атанды. Ал, Алматы қаласында өткен «Әлем барысында» Шардаралық даңқты палуан Ерсұлтан Мұзаппаров ақтық сынға дейін сүрінбей жетіп, күміс медальға қол жеткізді. Байрақты бәсекеден туған жерге абыроймен оралған Ерсұлтан Мұзаппаров пен оның бапкері Мұсырманқұл Дәуреновты Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов қабылдап, алғысын білдірді.

«Бүгінгі таңға дейін Ерсұлтан бауырымыз қанша белестерді бағындырып, қазақша күрестен әлем чемпионы, екі дүркін «Еуразия барысы» атанды. Бұл жерде бапкері Мұсырманқұл Дәуреновтің де үлкен еңбегін атап өткеніміз жөн. Ерсұлтанға енді олимпиада биігін бағындыру ғана қалды. Ол қуанышты сәтті де бірге атап өтеміз деп сенемін», - деді Болатбек Дүйсенбекұлы.

Айта кету керек, жаттықтырушылардың еңбегі нәтижесінде спорттың басқа да түрлерінен биылғы жылдың 11 айында шардаралық спортшылардың ішінен 276 облыс чемпионы, 52 Қазақстан Республикасының чемпионы, 29 Азия чемпионы, 8 Халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен 11 Әлем чемпионы шығып отыр.

Аудан әкімінің қабылдауынан соң Ерсұлтан Мұзаппаров пен Мұсырманқұл Дәуренов Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіғимаратында жас спортшылармен өткізді. Кездесуге қатысқан балғын спортшыларға Ерсұлтан палуан өзінің жеңісті жолдарынан әңгімелеп, оларды салауатты өмір салтын ұстануға, зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауға шақырды. Кездесу соңында құрыш білекті палуан мен оның бапкеріне сый-сияпаттар жасалып, құрмет көрсетілді.