"Ардагерлердің жекпе-жегі болады": Майк Тайсон мен Олег Маскаев жұдырықтасуы мүмкін

0
728

Маскаев қазір 51 жаста. 2003 жылы ол Тайсонмен кездесуі керек еді, алайда, жекпе-жек өтпей қалды. Ал Тайсонның жасы 53-те.


ERNUR.KZ. Осыдан 3 күн бұрын ғана аты аңызға айналған боксшы Майк Тайсон өзінің рингке оралуын жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Сонысын күткендей, қазір Ресей бокс федерациясы оған қарсылас ретінде Олег Маскаевті лайық деп танып отыр, деп жазады Skifnews.kz.

Әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы Майк Тайсон 25 сәуір күні T.I. лақап атты рэперге берген сұхбатында өзінің жаттыға бастағанын айтқан болатын.

«Бір аптадан бері жаттығып жатырмын. Не айтайын, бабыңа келу өте ауыр. Бұлшықеттің бәрі тырысып қалған, құрысқан денемнің ауырмайтын жері жоқ. Иә, жаттығып, рингке оралуға тырысып жатырмын, тамаша үшін жеңіл жекпе-жек өткіземін деп ойлаймын.

Залға барып жүрмін, бабыма келген соң қайырымдылық мақсатта бірнеше жекпе-жекке шығамын. Осындай шараларда үйсіздер және мен сияқты есірткіден зардап шеккен түрлі мазафакерлерге көмек үшін ақша жинауға болады», - дейді Тайсон.

Ал кеше Ресей бокс федерациясының басшысы Омар Кремлев өзінің Майк Тайсон мен Олег Маскаевтің жекпе-жегін ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді.

«Мұндай жекпе-жекті ұйымдастыруға қуана-қуана келісер едім. Түскен ақшаны балаларға көмек үшін қайырымдылық қорына аударуға дайынмын. Егер жоспар іске асса, екі боксшыға да алғысымыз шексіз болмақ. Бұл ардагерлердің жекпе-жегі болады», – деді Кремлев.

Маскаев қазір 51 жаста. 2003 жылы ол Тайсонмен кездесуі керек еді, алайда, жекпе-жек өтпей қалды. Ал Тайсонның жасы 53-те. Ұсынысқа Тайсон келісе ме, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз.