Бейбіт Шүменовтың қарсыласы жайлы не білеміз?

0
1 294

Ұлты түрік боксшы кәсіпқой рингтегі мансабын 2008 жылы бастаған. Ол мансабында 31 жекпе-жек өткізіп үлгерген. Оның отызында жеңіске жетсе, біреуінде ұтылған. Ал 17 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған.


Бейбіт Шүменовтың қарсыласы жайлы не білеміз?

Қазақстандық былғары қолғап шебері Бейбіт Шүменов екі жылдық үзілістен соң өткізетін жекпе-жегінде кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.

ВoxingScene сайтының мәліметінше, 34 жастағы қазақстандық боксшы бірінші ауыр салмақта WBA (Regular) чемпиондық белбеуі үшін өтетін жекпе-жекте Хизни Алтункаямен қолғап түйістіреді. Жекпе-жек 7 шілде күні Астана қаласында өтеді.

Ұлты түрік боксшы кәсіпқой рингтегі мансабын 2008 жылы бастаған. Ол мансабында 31 жекпе-жек өткізіп үлгерген. Оның отызында жеңіске жетсе, біреуінде ұтылған. Ал 17 кездесуін уақытынан бұрын аяқтаған. Қазіргі таңда Хизни Алтункая немістің Нойвиде қаласында тұрады әрі сонда дайындалады. Айта кетерлігі, бір жекпе-жегінен басқасының бәрін дәл осы қалада өткізген. Соңғы кездесуін осы жылдың қаңтар айында неміс боксшысы Нико Ломанға (4-8-1, 1 КО) қарсы өткізген. Төрешілер алты раундтың нәтижесі бойынша жеңісті Хизниге берді.

Лақап аты - «Жауынгер». Хизни Алтункая бес жекпе-жегінде әр түрлі деңгейдегі чемпиондық атақты сарапқа салған. Оның ішінде салмағы бар WBF чемпиондық белбеуін екі мәрте «уақытша» иемденген.

Бір қызығы ұлты түрік боксшы осыған дейін Қазақстанның тумасымен шаршы алаңда қолғап түйістірген. 2010 жылы ол Қазақстанның тумасы, қазіргі таңда Германияның атынан өнер көрсететін Василий Сарбаевпен (13-8-1, 7 КО) жолығып, оны нокаутқа түсірген.

Бейбіт Шүменовке қарсы кездесуде қос боксшы бірінші ауыр салмақта WBA (Regular) чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Бұл «Жауынгердің» бірінші жоғары деңгейдегі жекпе-жегі.

Ал Бейбіт Шүменов болса соңғы кездесуін 2016 жылдың 21 мамыр күні америкалық Джуниор Энтони Райтқа қарсы өткізген. Лас-Вегас қаласында өткен жекпе-жекте қазақстандық боксшы қарсыласынан басым түсіп, бірінші орта салмақтағы WBA чемпиондық белбеуін иемденді.

Отандасымыз кәсіпқой бокста 19 кездесу өткізіп, 17 мәрте жеңіс тұғырынан көрінсе, 2 рет жеңілістің ащы дәмін татқан. Бейбіт 2017 жылдың маусым айында жарақатына байланысты мансабын аяқтағанын мәлімдеген. Араға екі жыл салып, жарақатынан толық айыққан ол кәсіпқой боксқа қайта оралды.

Қазіргі таңда Бейбіт Шүменов WBA тұжырымының жаңартылған рейтингінде 2 орында тұр. Ал оның қарсыласы Хизни Алтункая үздік үшікті түйіндейді. Көш басында уақытша чемпиондық белбеудің иегері Арсен Гуламирян орналасқан.

Айта кетейік, Астанада өтетін бокс кешін белгілі ринг-анонсер Майкл Баффер жүргізбек. Роберто Дюран, Эвандер Холифилд, Хуан Мануэль Маркес, Дэвид Хэй, Хорхе Линарес сынды кәсіпқойлар арасындағы бұрынғы және қазіргі чемпиондар шараның арнайы қонақтары атанбақ. Snoop Dogg, 50 Cent, Тимати мен Қайрат Нұртас кеште өнер көрсетеді.