Дидар Хамза: ​"Мақсатым олимпиада шыңын бағындыру"

0
2 299

Ол Жапонияның астанасы Токияда өтетін 2020 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін жаттығуға бүгіннен-ақ кірісіп кеткен.


Дидар Хамза: ​

18-ші Азия ойындарының чемпионы атанған түркістандық дзюдошы

Дидар Хамза ендігі кезекте Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку
қаласында 20-28 қыркүйек аралығында өтетін әлем чемпионатына аттанбақ
ниетте, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
- Азия ойындарында бірінші тайландтық балуанды вазари әдісімен, екінші
моңғолиялық балуанды айқын басымдықпен жеңдім. Ал, жартылай сында
жапондық балуаннан басым түсіп, ақтық сында Иран елінің балуаны Саид
Молайимен белдестім. Ол дзюдодан әлем бойынша 81 келі салмақта бірінші
рейтинг сатысында. Соңғы әлем чемпионатының қол жүлдегері. Онымен
уақыттың соңына дейін белдесіп, төрешілердің шешімімен оған ескерту
берілді. Осылайша алтынға қол жеткіздім. Жасыратыны жоқ, Азия
ойындарының чемпионы атанғаныма әлі де сене алмай жүрмін. Бұл менің 73
кг-дан 81 келіге салмақ ауыстырғаннан бергі екі жыл ішіндегі алғашқы
жеңісім, - деді дзюдошы Дидар Хамза.
Спорт саңлағының 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында
өткен Олимпиада ойындарына небәрі 19 жасында бақ сынағандығынан дүйім
жұрт хабардар. Бағым жанбады деп сағы сынбаған спортшы бұйыртса талай
додаларда топ жарарына сенімді. «Басты мақсатым олимпиада шыңын
бағындыру», - деген спортшы Жапонияның астанасы Токияда өтетін 2020
жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін жаттығуға бүгіннен-ақ
кірісіп кеткен.