Динара Садуақасова тегін онлайн шахмат мектебін ашты

0
683

«Динара Садуақасованың онлайн шахмат академиясы» алаңында чемпионның өзінен бейнесабақтар, тапсырмалар, тестілер табуға болады.


Динара Садуақасова тегін онлайн шахмат мектебін ашты

ERNUR.KZ. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы, гроссмейстер Динара Садуақасова шахмат үйренгісі келгендер үшін онлайн мектеп ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


«Динара Садуақасованың онлайн шахмат академиясы» алаңында чемпионның өзінен бейнесабақтар, тапсырмалар, тестілер табуға болады. Коронавирус пандемиясына байланысты туындаған жағдайға орай курс тегін. Сайтқа мына сілтеме арқылы кіруге болады.


«Бәріне арналған шахмат» – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жоба. Біздің мақсатымыз – шахмат ойынына деген қызығушылықты арттыру және еліміздің шалғай өңірлерінде шахматты үйренгісі келетін кез келген адамның барлығына мүмкіндік беру. Әлем жылдам дамып жатыр, қазір зияткерлік қасиеттер мен ойлау жылдамдығы маңызды. Шахмат – бұл дағдыларды дамытатын тамаша құрал. Алаңда менің қатысуыммен видео-сабақтар, 5000-ға жуық тапсырмалар бар, - деді Динара Сауакасова.


Курстарға тұрғылықты жеріне қарамастан балалар да, ересектер де қатыса алады. Курс шахмат ойыншысының дайындық деңгейіне байланысты қалыптастырылған. Әр курс танымдық видео-сабақтар мен бекітуге арналған (жеңіл деңгейден күрделіге дейін) 200 тапсырманы қамтитын 20-25 блоктан тұрады. Курсты сәтті аяқтаған соң электронды сертификат беріледі.


«Біз командамызбен барлық деңгейлерге арнап 10-нан астам сағат шахмат сабақтарын жаздық. Алаңда сондай-ақ танымал шахмат ойыншыларының дәрістері мен семинарлары жарияланатын болады. Барлық адамдардың шахматқа деген қызығушылығы артып, үйрену мүмкіндігі болғанын қалаймыз», – деді Шахмат академиясының директоры Айнұр Өтешева.