Допты хоккей: «Ақжайық» ресейлік команданы ірі есеппен жеңді

0
1 118

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.


Допты хоккей: «Ақжайық» ресейлік команданы ірі есеппен жеңді

ERNUR.KZ. Допты хоккейден жоғары лига командалары арасындағы бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» Екатеринбургтың «СКСО СКА-Свердловск» командасымен кездесті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жастар» стадионындағы матч айдын иелерінің басымдығымен өтті. Бірінші таймның 20-шы минутында қонақтардан Никита Ивлев есеп ашты. Дегенмен, одан кейін «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев, Андрей Гущин және ресейлік легионер Максим Пахомов көзге түсіп, есепті 3:1-ге жеткізді.

Екінші таймда Павел Чебаков, тағы бір ресейлік Сергей Пантеев және М.Пахомовтың соққан голдарына меймандардан Алексей Снегирев жауап қайыра алды.

Осылайша Николай Шавалдиннің шәкірттері 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойыннан кейін 21 ұпай жинаған оралдықтар екінші топта қайтадан бесінші орынға көтерілді. Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» қалған ойындарын өз айдынында өткізетінін жазған болатынбыз.