ФУТБОЛ: "Мақтаарал" Өзбекстанның "Металлургын" жасыл алаңда жеңді (видео)

0
1 810

"Металлург" командасы бүгінде Өзбекстанның премьер-лигасында өнер көрсетіп жүр.


ФУТБОЛ:

Биылғы "Жастар жылы" және "Өзбекстандағы Қазақстан жылы" аясында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының "Мақтаарал" футбол клубының ойыншылары өз алаңдарында көршілес Өзбекстанның Бегабод қаласының "Металлург" командасын қабылдады, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Жолдастық кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ қауіпті шабуылдар ұйымдастырған қонақтар ойынның он екінші минутында алғашқы голдарына қол жеткізді. Мақтааралдықтардаң қақпасының осал тұсын тапқан "Металлург" командасының 9-номердегі ойыншысы Махмуд Худратуллаев болды.

Айта кетейік, 1945-жылы негізі қаланған Бегободтық "Металлург" командасы бүгінде Өзбекстанның премьер-лигасында өнер көрсетіп жүр.
Ойынның бірінші таймының соңғы минуттарында мақтааралдық команданың 11 номерлі ойыншысы Асқар Абутов таразы басын теңестірсе, артынша 23 номерлі Қуандық Илимов өзбекстандық ойыншылардың қақпасына тағы бір гол соғып, есеп 2:1-ге жетті.

Ал, екінші бөлімнің отыз алтыншы минутында 21 номерлі мақтааралдық Роман Будниченко қонақтардың қақпашысына кезекті голды салып, ойын 3:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.

Ойын туралы: «Ойын тартысты өтті. Біз мақтааралдық команданы мұншалықты әдемі, жанкешті ойын үлгісін көрсетеді деп ойламадық. Жігіттер жарады, өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеді. Дегенмен, біз Қазақ жеріне келіп, қазақстандық командамен жолдастық кездесу өткізгенімізге өте қуаныштымыз», - дейді «Металлург» футбол клубы жастар құрамасының бас бапкері Артем Петросян.

Айта кетейік, «Футбол фестивалі» аясында Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері жанкүйерлер арасында түрлі спорттық ойындар ұйымдастырып, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттады.