Футболдан ӘЧ: Франция Аустралияны ірі есеппен ұтты

0
429

Енді 26 қараша күні Тунис – Аустралия, Франция – Дания ойындары өтеді.


Футболдан ӘЧ: Франция Аустралияны ірі есеппен ұтты

ERNUR.KZ. Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында D тобында Франция мен Аустралия құрамалары шеберлік байқасты, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұдан төрт жыл бұрын Дидье Дишам жаттықтыратын француздардың әлем чемпионы атанғаны белгілі.

Алғаш рет әлем чемпионы атағын 1998 жылы жеңіп алған француздар бұл жолы да титулдан дәмелі екені анық. Алайда бұл дүниежүзілік додаға Д.Дишам шәкірттері биылғы «Алтын доп» иегері, шабуылшы Карим Бензема бастаған бірнеше белді ойыншысынсыз кірісіп отыр.

Аустралиялықтар соңғы кезде әлем чемпионатына тұрақты қатысып келеді. 1974 жылы олар топтан шыға алмаса, 2006 жылы 1/8 финалға дейін жетіп, болашақ әлем чемпиондары – Италияға 0:1 есебімен жол берді. Оңтүстік Африка Республикасы, Бразилия және Ресейде өткен біріншіліктерде Аустралия топтық бәсекемен шектелді. Төрт жыл Франция, Дания және Перумен бір топта болып, жалғыз ұпайға ғана қол жеткізді.

Құрамалар өзара бес рет бақ сынасса, соның үшеуі жолдастық кездесу еді. Мұнда француздар екі рет (1:0, 6:0) жеңіп, біреуінде тең түсті (1:1). Ал 2001 жылы Конфедерация кубогінде аустралиялықтар Францияны 1:0 есебімен тізе бүктірді. 2018 жылы Ресейде француздар есе қайтарды – 2:1.

Бұл жолы әлем чемпиондары матчты қарқынды бастағанымен, 9-минутта аустралиялықтар есеп ашып кетті. Оң қанаттан суырылып, алға шыққан Мэтью Леки франциялық қорғаушы Лукас Эрнандесті қапы қалдырып, Крейг Гудвинге дәл пас берді. Оған қоса осы сәтте Л.Эрнандес жарақат алып, орнына туған інісі Тео шықты.

Францияның өршелене алға ұмтылған қимылы өз жемісін берді. 27-минутта Т.Эрнандестен пас алған жартылай қорғаушы Адриен Рабьо таразы басын теңестірді – 1:1. Арада 5 минут өткенде, А.Рабьоның пасынан кейін Оливье Жиру Францияны алға шығарды – 2:1. Бұдан соң Килиан Мбаппе оңтайлы сәтті мүлт жіберді. Ал тайм соңына таман аустралиялық Джексон Ирвиннің баспен соққан добы қақпа жақтауынан кері қайтты.

Екінші кезеңде 68-минутта осыдан төрт жыл бұрынғы әлем чемпионатының үздік жас ойыншысы атанған К.Мбаппе Усман Дембеленің пасын құр жіберген жоқ – 3:1. Арада 3 минут өткенде, сол қанатта жасындай жарқылдаған К.Мбаппенің пасынан кейін О.Жиру есепті 4:1-ге жеткізді. Бұл Жирудің ұлттық құрама сапындағы 51-інші голы еді.

Осылайша, D тобында Аустралияны ірі есеппен ұтқан Франция үш ұпаймен жекедара көш бастады. Дания мен Тунисте бір-бірден ұпай бар.

Енді 26 қараша күні Тунис – Аустралия, Франция – Дания ойындары өтеді.