Головкин мен Альварес жекпе-жегі келесі жылға қалуы мүмкін - Инсайдер

0
799

Альварес қыркүйекте Головкинмен трилогия өткізуге қарсы болып отыр.


Головкин мен Альварес жекпе-жегі келесі жылға қалуы мүмкін - Инсайдер

ERNUR.KZ. The Ring, LA Times, Fox Sports басылымдарындағы жұмысымен танымал журналист Майк Коппинджер қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы трилогияға қатысты инсайдерлік ақпараттарын бөлісті, - деп жазады Tengrinews.kz.

"Дереккөздердің хабарлауынша, Golden Boy Promotions пен "Канело" қыркүйекте Головкинмен трилогия өткізуге қарсы болып отыр. Оның орнына "Канело" 14 қыркүйекте Каллум Смитпен не Сергей Ковалевпен жұдырықтасып, GGG-мен жекпе-жекті 2020 жылдың мамырына қалдыруды қалайды.
Ал DAZN "Канело" - Головкин трилогиясын осы күзде өткізуге тырысып жатыр. Альварес Смитпен 168 фунтта, Ковалевпен 175 фунтта қолғап түйістірмек.

Бірақ әлі де "Канело" мен GGG арасындағы үшінші жекпе-жектің 14 қыркүйекте өту мүмкіндігі бар. Әзірше ештеңе шешілген жоқ. GGG мен DAZN осыны қалап отыр. Енді "Канелоның" не шешетінін көрейік", - деп жазды инсайдер Twitter желісінде.

Бұған дейін Головкин мен Альварестің командалары келіссөзді бастаған еді, бірақ ол жемісті болмаған. Себебі Головкин үшінші жекпе-жекті тағы да Лас-Вегаста өткізуге қарсы.

"Канелоның" да Головкинмен үшінші рет жұдырықтасқысы келмейді - ол қазақстандық боксшының осы жекпе-жек арқылы көп қаражатқа кенелгенін қаламайды екен.

8 маусымда Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында Головкин DAZN стриминг сервисімен келісімшарт аясындағы алты жекпе-жектің алғашқысын өткізген еді. Қазақстандық боксшы канадалық Стив Роллсты төртінші раундта нокаутқа түсірген болатын. Жекпе-жектен кейін ол Альваресті трилогия ұйымдастыруға шақырып, оны қыркүйекте өткізуді ұсынған.