Иван Дычко өзінен 30 келі ауыр Рэй Остинмен жұдырықтасады

0
1 104

Иван Дычко Голливудтағы (АҚШ, Флорида штаты) Seminole Hard Rock Hotel and Casino кешенінде айқас өткізеді


Иван Дычко өзінен 30 келі ауыр Рэй Остинмен жұдырықтасады

ERNUR.KZ. Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко (7-0, 7КО) кезекті жекпе-жегінің алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының ВКонтакте парақшасында хабарланғандай, бүгін Иван Дычко Голливудтағы (АҚШ, Флорида штаты) Seminole Hard Rock Hotel and Casino кешенінде айқас өткізеді. Айқас алдында ол салмақ өлшеу рәсімінен өткен.

«Дычконың салмағы - 108,4 келі. Ал оның қарсыласы Рэй Остиннің салмағы - 137,4 келі екені белгілі болды. Осылайша, америкалық өзінің қазақстандық қарсыласы Дычкодан 29 келі ауыр болып шықты. Айқас аса ауыр салмақ дәрежесінде өтеді», - делінген хабарламада.

Иван Дычконың 48 жастағы америкалық боксшымен жекпе-жекке шығатыны бұған дейін хабарланған болатын. Аталмыш кештің «жеңілмегендер кеші» деп аталуы тегін емес. Себебі, ол күні Seminole Hard Rock Hotel and Casino кешенінде жеңіліп көрмеген 7 боксшы шаршы алаңға шығады.

Өзінің соңғы айқасын Иван Дычко өткен жылдың шілде айында өткізіп, америкалық Морис Харристі алғашқы раундта нокаутқа жіберген еді.

Еске сала кетсек, осыдан бір апта бұрын ауыр салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко (7-0, 7КО) WBA, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Энтони Джошуаны (22-0, 21КО) айқасқа шақырған еді. Қазақстандық боксшы бұл қадамға Джошуаның қарсыласы Джарелл Миллердің (23-0-1, 20КО) допинг-тесттен өтпей қалуы себеп болған еді.