Қазақстан биатлоншылар одағы төрт спортшыны ұлттық құрамадан шеттетті

0
569

Олар тәртіп бұзып, өз елдерінің абыройына нұқсан келтірген.


Қазақстан биатлоншылар одағы төрт спортшыны ұлттық құрамадан шеттетті

ERNUR.KZ. Кеше Қазақстан биатлоншылар одағының президенті Ермек Қизатовтың жетекшілігімен одақтың тәртіптік комиссиясының кезектен тыс жиыны өтті. Аталған жиынға Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ, Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитетінің өкілдері қатысты. Комиссия мүшелері әлем чемпионаты қарсаңында Австрияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарында спорттық режим мен тәртіп бұзған төрт қазақстандық спортшының мәселесін қарастырды, деп жазады azattyq-ruhy

Ұлттық құрамадан шеттетілген спортшылар алдағы уақытта биатлоннан өтетін республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстырылмайды. Атап айтар болсақ, Антон Пантов төрт жылға, Тимур Куц, Владислав Витенко және Роман Еремин бір жылға спорттан шеттетілді.

«Қазақстан ҰОК өкілдері мен Мәдениет және спорт министрлігі, сонымен қатар, ұлттық федерация мүшелері спорттық режимді өрескел бұзған атлеттерді ұлттық құрамадан шеттету туралы шешімді бірауыздан қабылдады. Спортшылар жаттығу жиынында тәртіп бұзып қана қоймай, өз елдерінің абыройына нұқсан келтіріп отыр. Халықаралық жарыс болсын, жабық оқу-жаттығу жиындары болсын, Қазақстан командасының мүшесі өз елінің беделіне кір келтірмеуі қажет. Бұл оқиға ұлттық құрама намысын қорғайтын барша спортшыларға сабақ болады деп ойлаймын. Қазақстан ҰОК спорттық тәртіпті бұзушыларға түбегейлі қарсы. Мұндай жағдайлар көп кездесе бермейді, бірақ, режимді бұзғаны үшін әрбір атлет пен бапкерлер жауапкершілік арқалайтынын ескерткіміз келеді. Осы орайда, аталған жағдайға қатысты дереу шешім қабылдаған Қазақстан биатлоншылар одағына алғыс айтамыз», - деді Қазақстан ҰОК спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов.

Ал бапкерлер құрамына қатысты тиісті тәртіптік шаралар бөлек қабылданады.

Комиссия құрамында Қазақстан биатлоншылар одағының бірінші вице-президенті Айталап Қорғамбаев, вице-президент Елена Хрусталева, ҚБО бас хатшысы Манас Үсенов және команданың бас бапкері Мақсат Шаранов бар. Сонымен қатар жиынға ҚР мәдениет және спорта министрлігі дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев, ҚР ҰОК қысқы спорт түрлері қызметінің жетекшісі Олжас Бесбаев та қатысқан.