Қазақстанға сапармен халықаралық паралимпиада комитетінің президенті келді

0
1 108

Халықаралық комитет басшысы алдымен Астанадағы заманауи паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысымен танысты.


Қазақстанға сапармен халықаралық паралимпиада комитетінің президенті келді

ERNUR.KZ. Бүгін Астанаға алғаш рет халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс ресми сапармен келді, деп жазады ҚазАқпарат.

Халықаралық комитет басшысы алдымен Астанадағы заманауи паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысымен танысты. Одан соң, құрметті қонақ пен ҚР Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Сондай-ақ, аталған кездесуге отандық белгілі Зүлфия Ғабидуллина, Александр Колядин секілді параспортшылар қатысты.

«Менің Қазақстанға алғаш рет келуім, осы ретте алған әсерім ол бөлек әңгіме. Ал бүгінгі тақырып параспортқа арналғандықтан оның сіздерде бар екеніне көзім жетті. Қазақстандағы параспорт дамуының нәтижесі, халықаралық паралимпиададағы жетістіктерден білуге болады. Сондай-ақ, халықаралық стандартқа сай паралимпиадалық орталықтарыңыз бар. Біз өз тарапымыздан Қазақстанның паралимпиадалық ұлттық комитетімен бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз. Соның бір дәлелі осы жазда Астанада пара пауэрлифтингтен өтетін әлем чемпионаты», - деді Эндрю

Өз кезегінде еліміздің Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев құрметті қонаққа алғысын білдіре отырып, кездесудің Қазақстанда параспорттың одан әрі дамуына үлес қосатынын айтып өтті. «Парсонс мырзаның келудегі негізгі мақсаты, біздегі параспорттың дамуы деңгейі және ол үшін жасалған мүмкіндіктермен танысу. Екі күндік сапар аясында параспорт тақырыбына арналған бірқатар маңызды кездесулер жоспарлануда. Жалпы аталған халықаралық комитетпен біз тығыз байланыстамыз. Оның дәлелі соңғы 3 жылда ұлттық комитет халықаралық комитеттің паралимпиадаға арналған бірнеше жобалық грантын ұтып, оны өз елімізде жүзеге асырып келеміз», - деді ол.

Ертең халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонстың Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевпен кездесуі жоспарлануда. Онда комитет басшысы Қазақстанның соңғы жылдардағы халықаралық аренада қол жеткізген жетістіктері мен елімізде паралимпиаданы одан әрі ілгерілету мәселесі сөз болады деп күтілуде. Айта кетсек, халықаралық паралимпиада комитеті әлемдік деңгейдегі барлық параспорттық шараларды өткізу мен басқаруға жауапты. Аталған ұйымның құрамына әлемнің 180 ұлттық паралимпиадалық комитеті кіреді, оның ішінде біздің ұлттық паралимпиадалық комитетте бар.