Қазақтың ең мықты сұрмергені әлем кубогына жалғыз аттанды

0
1 109

Мажарстанда өтетін әлем кубогында ел намысын Елдос Бадашев бір өзі қорғайды


Қазақтың ең мықты сұрмергені әлем кубогына жалғыз аттанды

ERNUR.KZ. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының белді мүшесі, еліміздегі үздік сұрмергеннің бірі Елдос Бадашев Мажарстанда өтетін әлем кубогында ел намысын бір өзі қорғамақ, деп жазады inform.kz.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығынан мәлім еткендей, бүгін Мажарстанның Помаз қаласында ұйымдастырылған әлемдік жарыстың алғашқы бәсекесі басталды. Дүниежүзінің таңдаулы мергендері үш кезең бойынша бақ сынайды. Алғашқы кезеңі Помаз қаласында басталса, екінші кезеңі маусым айында Францияда жалғасады. Ал қыркүйек айында Польшада өтетін үшінші кезеңде осы әлем кубогының гран-при жүлдесі сарапқа салынады. Помаздағы бәсекеде әлем мергендері «Венгр стилі» мен «Польша стилі» бойынша жарысады.

Міне, осындай айтулы додаға қатысуға бел буған Елдос мергеннің халықаралық жарысқа аттануы алғаш емес. Ол бұған дейін Түркия мен Иорданияда өткен дүниежүзілік фестивальдарға бірнеше мәрте қатысты. Былтыр Оңтүстік Кореяда ат үстінен садақ атудан өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

Елдос Бадашевтің елішілік жарыстардағы жетістіктері тіпті қомақты. Жамбы атумен 2014 жылдан бастап айналысқан ол 2015 жылы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атанды. 2015 жылы жамбы атудан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, 2016 жылы «Ұлы дала ойындарының» және «Астана жұлдыздары» республикалық турнирдің жеңімпазы болды. 2017 жылы «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының күміс жүлдесін иеленді.

2016 жылдан Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы «Ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-Ата» кәсіпқой клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде жамбы ату спортынан жаттықтырушы қызметін атқарды.

Елдостың шәкірт тәрбиелеуде де жолы болды. Оның шәкірті Абзал Тулыбеков ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, әлем чемпионы атанды. Ал тағы бір шәкірті Бақдәулет Бабажан жастар арасында ел чемпионатының күміс жүлдегері және 2019 жылы өткен жастар арасындағы І Азия чемпионатының чемпионы атағын жеңіп алды. Серікболсын Жалғасұлы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы.

Мажарстанда ұйымдастырылған әлем кубогы 19 мамыр күні аяқталады.