Кубада қазақ күресі секциясы ашылды

0
1 519

Қазақ күресі бүгінде қарқынды даму үстінде.


Кубада қазақ күресі секциясы ашылды

ERNUR.KZ. «Әлем барысы» атанған кубалық Оскар Рене Кубада қазақ күресі секциясын ашты, деп жазады ҚазАқпарат.

Кубалық ауыр салмақтағы дзюдошы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, «Әлем барысы» Рене Брайсон Видал Кубада қазақ күресі секциясын ашып, желтоқсанның 15-16 күндері Ақтөбеде өтетін Әлем чемпионатына өз командасымен келеді.

Кубалық Оскар Рененің есімі қазақ күресі жанкүйерлеріне жақсы таныс. Бірнеше жыл бұрын ол «Әлем барысына» қатысып, финалда әдемі әдісімен чемпион атанған еді.

Бүгінде ол өз Отанында осы спорт түрін белсенді дамытуда. Оның айтуынша, қазақ күресі – ең тартымды және болашағы жарқын спорт.

«Маған қазақ күресі ұнайды. Техникалары дзюдоға ұқсас. Менің ойымша, қазақ күресінің әлеуеті зор», - дейді Оскар Рене Брайсон Видал.

Биылғы 15-16 желтоқсан күндері Ақтөбеде өтетін Qazaq Kuresi Әлем чемпионатына спортшы Куба құрамасының жаттықтырушысы ретінде келеді.

Сонымен қатар, Әлем чемпионатына ирандық дзюдошы, дзюдодан әлем чемпионы Араш Миресмаели және Ли Вон Хи де өз командасымен бірге келеді.

«Qazaq Kuresi халықаралық федерациясының арқасында қазақ күресінің даму географиясы қарқынды түрде кеңеюде. Қазіргі уақытта федерацияның құрамында 29 ел бар. Олардың қатарында: Моңғолия, Украина, Латвия, Грузия, Польша, Норвегия, Эстония, Ирландия, Германия, Пәкістан, Өзбекстан, Болгария, Иран, Испания, Қырғызстан, Кипр, Италия, Словения, Үндістан, Ресей және тағы басқалар бар. Иран мен Грузия елдерінде балаларға арналған клубтар ашылды» делінген хабарламада.

Қазақ күресі бүгінде қарқынды даму үстінде. Арнайы кеңес құрылды, қазақ күресінің ережелеріне өзгерістер енгізілді, балуандар белдесетін кілем жарақат жағынан қауіпсіз ролл матқа ауыстырылды. Қолдануға ыңғайлы, сапасы жоғары бұл қалың материалдың арқасында күрестің динамикасы арта түспек.

Ақтөбе қаласында өтетін Әлем чемпионатына 40-тан аса елдің спортшылары қатысады. Олардың қатарында Украина, Грузия, Аустрия, Норвегия, Эстония, Франция, Ирландия, Германия, Пәкістан, Өзбекстан, Иран, Ұлыбритания, Қырғызстан, Үндістан, Литва, Словения, Ресей және басқалар бар.

Чемпионатта Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Литва және Армения мемлекеттерінен келген 8 төреші және өз елімізден 12 төреші төрелік етеді.