Мен күтуден шаршадым, енді спорттық карьерамды аяқтаймын – Фируза Шарипова

0
852

Спортшы құр уәдеден шаршағанын айтты.


Мен күтуден шаршадым, енді спорттық карьерамды аяқтаймын – Фируза Шарипова

ERNUR.KZ. Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова спорттағы мансабын аяқтайтыны туралы айтты, деп жазады baq.kz.

Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдауына қаржының тапшылығы себеп болып отыр. Шарипова WBC титулы үшін қолғап түйістірмекші болды. Бірақ оны ұйымдастыру үшін уәде етілген көмек болмаған.

«Құрметті достар, мен өзімнің спорттағы мансабымды аяқтаймын. Өзімнің жаттықтырушыларыма, менеджеріме және командама жақсы жұмыс үшін алғысымды білдіремін. Біз бірге бірнеше рекорд орнаттық. Қазақстанда кәсіби бокста біз секілді ешкім осыншалықты қысқа мерзімде мұндай жетістікке жеткен жоқ», - деп жазды ол.

Ол өз кезегінде құр уәдеден шаршағанын айтты.

«Өкінішке қарай басты титулға бір қадам ғана қалғанда тоқтап қалдық. Біз еліміз үшін WBC әлем чемпионы титулын 2018 жылы алушы едік, бірақ қаржылық жағы қолбайлау болды. Бізге бірнеше мәрте уәде еткен болатын, бірақ қаржы сол күйі бөлінбеді. Біз осы уақытқа дейін өзімді формада ұстау үшін командамен жұмысты тоқтатпаған едік. Өзіңді қалыпта ұстау үшін қаншама күш жұмсау керек, тек қана спорттық тұрғыда емес, психологиялық тұрғыда да салмақ түседі. Әрине бұған тағы аз қаржы кетпейді. Бірақ мен бұның бәрі бекер екеніне көзім жетті. Мен күтуден шаршадым. Осы уақытқа дейін қаншама уәде болды, бірақ баяғы жартас сол жартас болып қала берді. Уақыт өтіп жатыр, мен оны зая кетіргім келмейді. Менімен бірге болып, қолдап келген менің жанкүйерлеріме алғыс айтамын. Ең басты титулды алып сіздерді қуанышқа бөлей алмағаным үшін кешірім өтінемін. Қолымнан келгенін тырысып бақтым, бірақ барлығы менің қолымда емес», - деп жазды спортшы.