Несіп Жүнісбай: МЮ «Астананы» екі доп айырмашылығымен жеңуі мүмкін

0
1 106

Матч бейсенбі күні түнгі 01:00-де басталады.


Несіп Жүнісбай: МЮ «Астананы» екі доп айырмашылығымен жеңуі мүмкін

ERNUR.KZ. Белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбай бейсенбі күні өтетін «Манчестер Юнайтед» – «Астана» ойынына қатысты пікір айтып, болжамын жеткізді, деп жазады Елорда Инфо.

«19 күні Манчестерде болатын ойын туралы неше түрлі пікір айтуға болады. «Манчестер Юнайтедтің» ойынын, ол команданың базасын өз көзіммен көрдім. Өз басым «Барселона» мен «Астанаға» жанкүйерлік еткеніммен, ағылшын біріншілігінде «қызыл сойқандардың» матчтарын жіті қарап жүремін. Сол себепті МЮ туралы білерім көп», - дейді ардагер журналист.

Ол сөзін ары қарай жалғай отырып, 1878 жылы құрылып «Ньютон Хит» деген атауға ие болған, ал 1902 жылдан бастап «Манчестер Юнайтед» аталып кеткен ұжымның бүгінгі жағдайы мен футболдағы орны туралы ойын жеткізді.

«Манчестер Юнайтед» әлемдік маңдайалды командалардың бірі. Шындығын айтқанда ол дүние жүзіндегі командалардың ішіндегі ең бай клуб. Байлық дегенде оның қазынадағы ақшасын меңзеп отырған жоқпын. Брэндтік тұрғыда алғанда оның эмблемасының өзі қымбат. Қазіргі уақытта «Барселона», «Реал», «Ювентус» жеңіп жүргенмен, олар бедел жағынан «Манчестер Юнайтедке» жетпейді. Ал бүгінгі жағдайы әрине өзінің ең нашар кезін өткеріп жатыр. Оған чемпионаттағы аяқалысы дәлел. Команда құрамында шабуылды бастайтын, нәтиже көрсететін ойыншылар жоқ. Футболшылар құрамында да, бапкерлер құрамында да олқылықтар бар», - деді Несіп Жүнісбай.

Ол сөзін МЮ-дің бүгінгі бас бапкері Уле-Гуннар Сульшердің біліктілік деңгейі туралы мәселемен сабақтастырды. Айтуынша норвегиялық маманның мұндай алып команданы басқаруына тәжірибесі жетпейді.

«Команданың бүкіл тактикасы мен стратегиясын, ойынға деген айла-тәсілін тек қана бас бапкер белгілейді. Сульшер МЮ-дің аса бір қиын кезеңінде қолға түскен жаттықтырушы болды. Оны бәлкім Алекс Фергюссонның ұсынысымен тағайындаған шығар. Бірақ Сульшер МЮ-дің рөлін ұстауға әлі ерте деп ойлаймын. Оны былтырғы маусымның соңы мен биылғы чемпионаттың басы көрсетіп тұр. Сол себепті, команда біресе жарға соғылады, біресе суға батып кетеді, әйтеуір бердеңе қып күнін көріп жүр. Осы қарқынмен биылғы маусымды «қызыл сойқандар» АПЛ-дің ортасынан көтерілсе жақсы, тіпті төмен түсіп кетеді деп те ойлаймын. Бұл менің жеке пікірім», - деді ол.

Сөз соңында ол «Астана» мен «Манчестер Юнайтед» арасындағы кездесу қандай есеппен аяқталатынына болжам жасап әрі Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ойында елордалықтардың жеңіп кетуге мүмкіндігі барын жеткізді.

«МЮ-дің қазіргі жағдайында «Астананың» жақсы ойын көрсетуіне мүмкіндік бар. Әрине Манчестер қаласында жеңіп кетеді деп айта алмаймын. Бірақ айтарлықтай көп гол жібермейді деген ойдамын. «Олд Траффорд» стадионында 0:2 есебімен болмаса екі доп айырмашылығымен ұтылуымыз мүмкін. Егер құланның қасуы мен мылтықтың басуы дәл келетін болса біздің жігіттердің тең ойын көрсетуіне де мүмкіндігі бар. Себебі, мұндай алып командаға қарсы ойнау бақытына ие болған ұжымның тайлы-таяғымен тік тұрып, қорғануға да, шабуылдауға да шамасы жетеді. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана-Арена» стадионында өтетін матчта МЮ-ді ұтып алуға толық мүмкіндігі бар», - деп тоқталды ардагер журналист Несіп Жүнісбай.

Айта кетейік, «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ойынын сырт алаңда «Манчестер Юнайтедке» қарсы өткізеді. Матч тікелей эфирде 19 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан уақытымен 01:00-де QAZSPORT телеарнасынан көрсетіледі.