"Патриот болып, елдің атын шығаруым керек пе?": Жуков желідегі жазбасы үшін Қазақстан құрамасынан шеттетілуі мүмкін

0
868

Жуковтың пікірі желіде қызу талқыланған.


ERNUR.KZ. Жартылай қорғаушы Георгий Жуков футболдан Қазақстан құрамасынан шеттетілуі мүмкін. Бұған футболшының әлеуметтік желідегі жазбасы себеп, деп жазады Тengrinews.kz.

Краковтік "Вислаға" ауысқан Жуков жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында польшалық лиганың Қазақстан чемпионатынан бір бас жоғары тұрғанын айтқан еді. Instagram желісінде осы жайлы оқырмандардың сұрағына футболшы жауап берген.

"Қазақстанда болғанымда маған бәрі шетелдік секілді қарайтын. Жергілікті футболшыларға көрсетілген қолдау мен құрмет менде болмады. Қазір Еуропаға оралдым, енді патриот болып, елдің атын шығаруым керек пе? "Қайратқа" рақмет. Маған қолдау көрсеткен адамдарға алғысым шексіз. Қазақстанда мені шетелдік деп санады. Бапкерлер (Шпилевскийді айтып тұрған жоқпын) саған қазаққа, қазақтар легионерге қарағандай қарайды. Мұндай жағдайда өте қиын. Маған оңай болған жоқ. Қазақстанда қоғам, журналистер, мамандар, комментаторлар мойындаған жоқ, Қазақстанда жоқ секілдімін", -деп жазған Жуков.

Жуковтың бұл пікірі желіде қызу талқыланған, бұған Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтханов жауап берді.

"Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Георгий Жуковтің айтқан сөзі таралды. Футболшымен кездесіп, сөйлесеміз. Тиісті шара қолданамыз. Ұлттық құрамада ойнайтын футболшылар ел намысын абыроймен қорғауы міндет!", - деді Айтхожин.

Еске салайық, 25 жастағы Жуков маусымаралық үзілісте алматылық "Қайраттан" кетіп, осы аптада жаңа клубына қосылған болатын.